Ауыл оқушыларына арналған «IQanat» республикалық олимпиадасының Отырар ауданы бойынша іріктеу кезеңі М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп, С.Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп пен Р.Бердібай атындағы жалпы білім беретін 3 мектеп базасында өтті.
Олимпиада мақсаты - Қазақстан мен әлем университеттеріне түсуге үш жылдық тегін дайындыққа финалист таңдау.
Олимпиаданың аудандық кезеңінде 30 мектептің 8-сыныбында білім алып жүрген 364 оқушы кешенді тест тапсырды. Тестілеу кезінде білім алушылардың математикалық сауаттылығы, логикалық, кеңістіктік ойлау қабілеті, оқу сауаттылығы бағаланды.
Тестілеу нәтижесінде жоғары ұпай жинаған оқушыларға олимпиаданың облыстық кезеңіне жолдама беріледі.
Олимпиаданың міндеттері:
- мақсатқа ұмтылған ауыл оқушыларын табу және қолдау;
- жастардың білімге деген қызығушылықтарын ояту;
- оларға өз әлеуетін ашуға көмектесу;
- өзіне сенуге және бастама көтеруге үйрету;
"IQanat" – бұл ауыл оқушыларын қолдауға және сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік және білім беру жобасы.
Олимпиаданың артықшылығы ауыл-аймақтағы қабілетті оқушыларға үлкен мүмкіндік береді. Яғни олимпиадаға тек ауыл-аудан оқушылары ғана қатыса алады. Тағы бір ерекшелігі Олимпиада тек 8-сынып оқушылары арасында өтеді. Олардың білім деңгейі, шығармашылық және танымдық әрі зияткерлік қырлары сарапқа салынады. Үздіктері еліміздің беделді білім ордаларының бірі IQanat High School-да 10-сыныптан бастап білімін шыңдау мүмкіндігіне ие болады.
Айта кету керек, IQanat қоры 2017 жылдан бері ауыл мектептерінің оқушылары үшін жаңа мүмкіндікті ұсынып келеді. Осы уақыт аралығында 167 мыңнан аса бала олимпидаға қатысыпты. Ал былтырғы оқу жылында қатысқан оқушылар саны 36 мыңнан асқан. Оның ішінде 8 мыңға жуығы екінші кезеңге жолдама алып, ақтық сында - 752 баланың білімі сыналды.