Департамент басшысы оқушылармен кездесті

image.png

Республика аумағындағы барлық мектепке дейінгі тәрбие орталықтары мен орта және кәсіби, жоғары білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен студент жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан соңғы жылдары айрықша көңіл бөліне бастағанын білеміз. Себебі құбылмалы қоғамда өскелең ұрпақтың өміріне төнетін қатерлер азаяр емес. Еліміз мен шет мемлекеттерде арты қайғылы оқиғалармен аяқталған түрлі қылмыстық әрекеттер қалың көпшілікті алаңдату арқылы, бұл маңызды мәселеге байланысты заңнамаларды қатаңдататын толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттілігін бірінші кезектегі күн тәртіне шығарды.

Осыған орай қолға алынған әр түрлі деңгейдегі жауапты жұмыстарды ортақ мақсатқа сай ұтымды үйлестіру үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары және жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау құрылымдары және салалық ведомства басшыларына нақты тапсырмалар жүктегені де баршаға белгілі.

Қазіргі кезде миллион адамдық мегаполистер мен облыс және аудан орталықтарындағы полиция қызметкерлері оқушылардың мектеп ауласы мен ғимарат ішіндегі тәртібі мен қауіпсіздігін, білім ордаларының жанындағы көлік жолдарындағы жолақтар мен ескерту белгілер бойынша жаяу жүргіншілер ережесінің сақталуын тұрақты бақылауға алғаны анық. Одан бөлек, мектептердің кіреберістеріне адам келбетін танитын турникеттер орнатылған және арнайы мамандандырылған күзет қызметтерімен жүз пайыздық келісім шарт жасалған. Сондықтан оқушылардың қауіпсіздігі мен ғимараттардың сыртқы және ішкі күзетін қамтамасыз ету мақсатындағы ортақ іске жұмыла кіріскенін көрудеміз.

Осыған орай бүгін ҚР ІІМ Ержан Саденовтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов бүгінгі күнді мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексерумен бастады. Облыстың бас полицейі №21 М.Пошанов мектебіне барып, білім басқармасының мамандары, мектеп директоры және ұстаздармен тілдесті. 

Кездесу барысында департамент басшысы білім ошағына орналастырылған «дабыл батырмасын» басып, қызметін бақылады. Дабыл болған кезде полиция нарядының неше уақытта келетінін және қалай әрекет жасайтынын тексерді. 

Сонымен қатар, аталған оқу орнындағы бейнекамераларды қарап шығып, бекітілген күзет қызметкеріне жүктелген жауапкершіліктерді түсіндірді. Мектептегі қауіпсіздікке толық көз жеткізген соң, генерал оқушыларды Полиция департаментін экскурсиялауға шақырды. 

Департаменттің қызметкерлері 100 оқушы мен ұстаздарға арнап құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбында сабақ өткізді. Сабақ барысында департамент басшысы М.Қабденов жасөспірімдерге тәртіпті болу керектігін, ойынқұмарлық, нашақорлық, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік туралы айтып, болашақта ардақты азамат болатындарына сенімін білдіретінін жеткізді. 

Одан әрі қарай білім алушыларға өнерлі тәртіп сақшылары өнерлерін, спортты серік еткендері өздерінің дайындықтарын көрсетсе, департаменттің алаңшасында балаларға қару-жарақтар, қызметтік көліктердің қызметі мен цифрландыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

Жедел басқару орталығына да аялдаған балалар өздерін полиция қызметкерлері қалай бақылап отыратынын, бейнекамералардың қызметін көріп, танысты. 

Тәлім-тәрбиелік маңызы бар шара соңында озат оқушылар мен олардың ұстаздары полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің атынан алғысхатпен марапатталды. 

Айта кеткен жөн, Түркістан облысының полицейлері балалар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі кездесулер ұйымдастырып, бүгінгі таңда білім ошақтарына барып, құқықтық сауаттылықты арттыру сабақтарын өткізуде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер