Бүгін Созақ ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті.
Аталған іс-шараға Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Романқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Нұралы Айдаров, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Әкелер мектебінің» төрағалары мен «Әжелер алқасының» төрайымдары қатысты.
Жиында сөз алған Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Нұралы Айдаров өз ойын ортаға салды. « Жаһандану кезінде өз ұрпағымыздың рухани әлеуетін, ұлттық бейнесін сақтап қалу үшін не істеу қажет? Заман жаңаруда, уақыт пен талап өзгеруде, кешегі талап басқа, бүгінгі талап басқа. Бүгін алдымызда тұрған міндет – ұрпақ тәрбиесіне жаңа бағыт, жаңа көзқарас, жүректен-жүрекке жететін әртүрлі тақырыпта қойылым ұйымдастыру арқылы жаңа тәрбиенің формасын өмірге ендіру. Тәрбиеге салынған инвестиция еш уақытта өз бағасын жоғалтпайды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген сөзі бүгін де өзінің мазмұнын жоғалтқан жоқ»,- дейді ол.
«Бір жылдығыңды ойласаң егіс ек, он жылдығыңды ойласаң жеміс ек, ғұмырыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле», – дейді халық даналығы. Ел келешегі саналған жастарға білім мен тәрбие қатар берілуі тиіс. Бұл ретте, өңіріміздегі әрбір орта оқу орындарында ашылған «Әкелер мектебінің» алар орны ерекше. Өйткені, мұнда жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алды алынып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді әкелер насихаттап, мектептегі тәрбие саласына көмектеседі.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, тәрбие үдерісін ұйымдастыру, әкенің отбасындағы рөлін терең тану және жетілдіру мақсатында өткен шарада Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов «Әкелер мектебінің» маңыздылығы, бала тәрбиелеудегі өзекті мәселелер туралы сөз қозғаса, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Романқұлов «Әкелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында баяндама жасады. «Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез-келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады. Өзі түзу ағаштың көлеңкесі еш уақытта қисық болмайды. Дұрыс әке дұрыс тәрбие берсе, қоғамның дұрыс дамуына айтарлықтай үлес қосары анық», – дейді Бақытжан Романқұлов.
Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Нұралы Айдаров «Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасы аясында құрылған «Әкелер мектебінің» маңыздылығын таныту арқылы бала тәрбиесіндегі әкелердің жауапкершілігін арттыру, әке рөлін көтеруге бағытталған пікірталас алаңын құру туралы тілге тиек етті.
Семинар барысында «Әке – бәйтерегім, ұлым – мұрагерім» тақырыбында семинар-сабақ, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» тақырыбында пікірталас, «Әкешім – бәйтерегім» тақырыбында ашық тәрбие сағаттары көрсетілді.
Шара соңында семинар-кеңеске қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылып, психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Әкелер мектебін» құрудағы мақсат – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру, тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда оқу орындарына көмек көрсету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға көмек көрсету және балалардың қауіпсіздігін сақтау шараларын ұйымдастыру болып табылады.