Ғылым мен техника дамып адазмзат қоғамы жаңа ғасырдың табалдырығынан қадам басып отырған кезеңде оқушыларға белгілі көлемде білім, білік, дағдыларды меңгертумен бірге табиғат, қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды зерттеушілік бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Баланың белгілі бір іс-әрекетке бейімділігі жас кезінен-ақ белгілі болады. Бейімділік, қабілет дегеніміз - бұл адамның белгілі бір іс-әрекетімен айналысуға бетбұрысы, оған көңілінің аууы, яғни оянып келе жатқан қабілетінің алғашқы белгісі. Сондықтан бала кезде байқалған бейімділіктердің келешекте олардың қабілеттерінің көрсеткіштері екендігін ұмытпай, дер кезінде көре білу, дамыту әрбір ұстаздың міндеті.
Қабілетті балалар көбінесе шапшаң, тез ойланатын, көп көлемде білім меңгеретін, оны ұзақ уақыт ұмытпайтын болып келеді. Олардың түсінгі өте жоғары, сезімтал, ойға алған нәрсесін, алдына қойған мақсатын қалайда орындауға тырысатын, адамгершілік сезімі ерте дамып, моральдық қасиеттерге өте бай, қиял күші басым болады.
Қабілетті оқушыларды ерте айқындау, оларды тәрбиелеу білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі міндет болып табылатынына бүгінгі таңда ешкім шүбә келтірмейді. Арнайы бағдарға оқыту тәсілінің негізінде зерт-
теуші балалар мен оқушыларға практикалық көмек көрсету, психо-диагностикасын жүргізу, қабілеттерін зерттеу арқылы жақсы нәтижелерге жетуге болады. Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, зерттеушілік қызметке баулу, ізденушілік қасиеттерін жетілдіруде сыныптан тыс жұмыстарды жүргізудің маңызы зор.
Осы ретте Арыс қаласының білім бөліміне қарасты №32 Ә.Жангелдин атындағы мектебінде химия пәнінің мұғалімі Феруза Жолдасбекованың жетекшілігімен "Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негіздері" бағыты бойынша 9 сынып оқушылары Ізтай Балауса мен Әмірхан Айару "Ыдыс жууға арналған заттардың адам ағзасына әсері" тақырыбында эксперимент жүргізді.
Мақсаты: Күнделікті тұтынып жүрген ыдыс жууға арналған құралдардың химиялық құрамына жан-жақты талдау жасау, пайдасы мен зиянын зерттеу.
Күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген ыдыс және кір жуатын тауарлардың құрамында 55 мыңнан астам біздің ағзамызға қауіпті химиялық қоспалар бар екен. Олар көзге, тыныс алу жолдарына әсер етіп, жүйке жүйесі ауруларына шалдықтырады екен. Тіпті халық арасында «жаман ауру» деп аталып келе жатқан қатерлі ісік ауруына бірден-бір себепкер. Соңғы жылдары тұрмыста қолданылатын химиялық заттар түрі өте көбейіп кетті. Түрлі хош иісті сабын, сусабын, гель, кір жуатын ұнтақ сияқты жуынуда, кір жуу процесінде қолданылатын заттардың құрамында әр-алуан химиялық қоспалардың бар екені шындық. Міне, осы заттардың адам ағзасына тигізетін әсерінің жоқ емес екенін де ешкім жасыра алмайды. Тұрмыстық химиялық өнімдер өміріміздің бір бөлшегіне айналды десек, артық айтпаймыз. Алайда, бұл өнімдер ағзамызды улап, су, топырақ, ауаны, бір сөзбен айтқанда, табиғи ортаны кірлетіп отырғаны жайлы ойландық па? Тері, ауыз, асқазан аурулары мен жүйке жүйесінің бұзылуына себепкер екенін білеміз бе? Еуропа, Америка елдерінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде химиялық қоспасы бар өнімдердің адам ағзасы үшін қауіпті екені дәлелденді.
Ыдыстарда шайылмай қалған химиялық заттар тамақпен бірге ілесіп, адам ағзасына залалын тигізеді. Бүгін Европа құрамында табиғи түрдегі заттары бар ыдыс-аяқ жуатын құралдарды әлдеқашан мойындап, оларды шығаруды өндірістік жолға қойды. Яғни, химиялық қышқылдарды жойып, соның негізінде адам ағзасына тамақпен түсетін химиялық қоспаларды залалсыздандыруға көмектеседі. Мысалы, қарапайым май кетіретін сұйықтықтардан кейін жуған ыдысымызды сірке қышқылы қосылған сумен бір-екі рет шайқап алғанымыз жөн. Себебі, құрамында ағзаға қауіпті канцероген қоспасы бар. Айғайлап жарнамалап жататын жуғыш өнімдерінің құрамында фосфат пен хлор мөлшерден тыс екен.
«Кейбір ыдыс жуғыш заттар пайдалы болады. Олар адам терісіне витаминдер жеткізуге көмектеседі. Мысалы, ыдыс жуғыш заттың құрамында глицилин болса,ол қолды жұмсартып, пайдалы болып саналады. Себебі оның құрамында химиялық ингредиенттер басқаларға қарағанда аз. Жуғыш заттың қорабының әдемілігіне қарамай, оның құрамына қарау керек Ең жақсы жуғыш заттар: құрамында химиялық ингидридтері жоқ заттар»,- дейді жас зерттеушілер.
Тәжірибе нәтижесінде оқушылар ыдыс жуатын құралдардың құрамындағы химиялық заттардың адам ағзасына әсерін және ыдыс жуатын заттардың сапасын зерттеп, халықты сапалы өнім тұтынуға шақырды.