Шардара аудандық білім бөліміне қарасты Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында республикалық «Махамбет оқулары» конкурсының аудандық кезеңі өткізілді. Бұл конкурсқа білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасындағы аудан мектептерінен 62 оқушы қатысты. Ұйымдастырушылар алмас қылыштай жарқылдаған өр ақынның шығармаларын танытатын қатысушыларға сәттілік тіледі
Мектеп оқушылары арасында Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау, шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, тарихи деректер бойынша тұжырым жасай білу дағдысына үйрету мақсатында өткізілген байқау 5 бағыт бойынша жүзеге асырылды.
1. Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу. 2. Махамбет шығармаларын жатқа оқу. 3. Махамбет күйлерін орындаушылар конкурсы. 4. Жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу конкурсы. 5. «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар» тақырыбының бірін қорғау.
Байқауға қатысқан оқушылар әсіресе Махамбет, Жәңгір хан, Ер Едіге, Қасымхан сынды кейіпкерді таңдай отырып, жинақтаған деректерді жүйелі жан-жақты талдай отырып, тарихи-әдеби, рухани мәнін шығармашылығынан үзінді келтіре отырып, аша білді. Көтерілген мәселенің өзектілігін ұлттық мүдде тұрғысынан талдап, ұлттық құндылықтардың маңыздылығын арнайы дайындаған слайд арқылы көрсете білді.
Сонымен қатар, қуантарлық жайт -ауданда жас ақындар көптеп шығуда. Жас ақындар ұсынылған тақырыпқа өз шығармаларын ұсыну кезінде өлеңнің ұйқасына, идеясына аса мән берді.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен 2023 жылы 9 қараша күні Түркістан қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алған оқушыларымызға сәттілік тілейміз!
Айта кетейік, байқаудың басты мақсаты:
– ақынның ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау;
– оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту;
– тарихи санасы мен танымдарын кеңейтіп, азаматтыққа баулу;
– ізгілікке, демократияға бағдарланған өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.