Оқу – өскелең ұрпақтың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Ал балалардың көпшілігі алғашқы кітаппен мектеп қабырғасының кітапханасында танысады.
Мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі мектеп кітапханаларының қорында 200 миллионнан астам кітап бар. Оның 38 миллионы — көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдар. Дегенмен олардың 20-30 пайызы жарамсыз екен. Яғни кеңес дәуіріндегі идеологиялық сипаттағы кітаптар. Сол себепті мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен толықтыру мәселесі өзекті болып отыр.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын айтқан еді.
«Тағы бір маңызды міндет - мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің атап өтуінше, оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді.
Осы секілді олқылықтардың орнын жою үшін елімізде 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленген. Жобаға сәйкес үш жылдың ішінде мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Жол картасының негізіндегі нәтижелер 2021-2025 оқу жылдарына арналып отыр. Бес жылдың ішінде мектеп кітапханалары түгелдей көркем әдебиеттермен қамтылмақ. Екіншіден, мектеп кітапханашыларының әлеуетін көтеру мәселесі қолға алынып, 2025 жылға қарай тиісті нәтиже болмақ. Өйткені олардың біліктілігін көтерумен қатар, жоғары оқу орындарында педагог-кітапханашы деген мамандықты енгізген кезде, 2025 жылы түлектердің педагог-кітапханашы мамандығын иеленіп келетіндігі жоспарланған.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Сауран ауданы білім бөліміне қарасты мектеп кітапханалары 2023-2024 оқу жылынды жаңа кітаптармен толықты. Баспадан жуырда басылып шыққан 50-ге жуық кітап бүгін оқырман назарына ұсынылды.
Жаңа кітаптар арасында әр түрлі жас тобындағы балаларға арналған оқулықтар, 4Д форматтағы ертегілер жинағы бар. Сондай- ақ әлемдік бестселлер саналатын Жоан Роулингтың «Гарри Поттер мен жасырын бөлме» және «Гравити Фолз» сынды көптеген әлемдік әдебиеттердің қазақ тіліндегі аудармалары кітапхана сөресін толықтырды.
Айта кету керек, жаңа түскен кітаптардың басым бөлігін психологиялық, мотивациялық жанрдағы шығармалар құрайды. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, бұған осы сарынды шығармаларға оқырмандардың сұранысы артқандығы себеп.
Нақтырақ айтсақ, шелделдік классиктердің аудармалары, ертегі кітаптар, қазақ әдебиеттерімен - 3,060 дана көркем әдебиеттермен толықтырылды. Осы келген көркем әдебиеттермен әрбір мектептерде мектеп кітапханашылары көрмелер ұйымдастырып, кітаптармен таныстырылымдар өткізілуде.
Айта кетейік, 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамыту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың 5 жылдың ішінде PISA көрсеткіштері бойынша оқу сауаттылығы бірнеше есеге артатыны күтіледе. Бүгінгі күннің өзінде де мектеп оқушыларының, жалпы жастардың кітап оқуға құмарлығының бар екендігі, балалардың осы бағытта мектептердің де жұмыс істеп жатқандығы көрініп отыр. Енді жергілікті, аймақтағы әкімдіктер мектеп кітапханаларын жыл сайын 20%-ке көркем әдебиетпен толықтырып отыратын болса, жастардың кітап оқуға ынтасының одан әрі арта түсетінін байқап отырмыз. Онымен қоса, «Оқу сағаты» деген жоба бар. Яғни күн сайын мектепке келген оқушы 20 минуттай уақытын кітап оқуға ынтасын арттыруға жұмыс істеп жатыр.