Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әр бейсенбі күні дәстүрлі түрде өткізілетін «Даналық бейсенбі» жобасына айрықша қонақ ретінде бұл жолы мектеп директоры Айдын Түсіпжанов шақырылды.
Бағдарламаның кезекті шығарылымында мектеп директоры оқушылармен ұстаздық еңбек жолы жайлы сөз қозғап, сырлы сұхбат жүргізді. Айдын Елеусізұлы өз сөзінде педагогикалық еңбек жолын қалай бастағаны туралы, ұстаздықтан мектеп директоры лауазымына дейінгі кезеңдерді толық баяндап берді. Сондай-ақ, ұстаздың қоғамда алар орны мен тұлға ретінде қалыптасуда жас ұрпақтың жолын айқындап беретін ұстаздар қауымына үлкен құрметпен қарау әрқайсымыздың адамдық борышымыз екенін атап өтті.
Жобаға қатысушы зияткерлер де мектеп директорына жеке ұстанымы, мақсатқа жету жолында қандай қағидаларды ұстанады, жалпы тұлғалық дамуға қатысты сұрақтар қойды.
Бағдарлама барысында мектеп директорымен қоса оқушылар топтық жарысқа қатысуда екі топқа бөлініп, берілген құрал-жабдықтармен аз ғана уақыт ішінде ғылыми жоба дайындау бойынша өзара сайысқа түсті.
Жоба соңында NIS желісінде өткен комикстер сайысына белсене қатысқан оқушылар мен жетекшілер марапатталып, мектеп директоры Айдын Тусупжановқа бағдарлама қонағы ретінде жобаны айшықтайтын естелік сыйлық табыс етілді.