Ілгеріде өңірдің білім саласында өзекті мәселе жетіп артылатын. Кейінгі жылдары ағарту саласындағы қордаланған мәселені шешу жолында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы, жергілікті атқарушы билік балалардың сапалы білім алуына қолдан келгенше жағдай жасап жатқаны – құптарлық іс. Білім саласын дамыту мақсатында қолға алынған жобалар аз емес. Әрине, әрбір жобаның өз миссиясы бар. Әйтсе де «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының орны бөлек екені рас. Бүгінде өңірде аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп отырғаны талас тудырмайды. Әлеуетті жобаның жемісін өңірдегі бірқатар ауылдық мектеп те сезіне бастады. Әсіресе шалғай аудандардағы білім ордаларына айрықша назар аударыла бастағаны қуантады.
Жуырда «Ауылдық елді мекендердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Созақ ауданы А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған өңірлік семинар өтті.
Аталған семинарды Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды.
Тәжірибе алмасу мақсатындағы бұл шарада ұстаздар оқу процессіндегі жаңалықтармен бөліссе, кітапханашылар балалардың оқуға деген қызығушылын арттыру мақсатында тренинг жүргізді.
Сонымен қатар, мектеп психологтары балалармен жеке жұмыс жасау жөнінде сөз қозғап практикалық жұмыстар жасады.
Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде білім беру сапасын жақсартуға негізделген «Ауыл мектебі» білім беру жобасын жүзеге асыруда.