Түлкібас ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес аудандағы білім ошақтарында өткен аптада ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, аудандық әдістемелік кабинетінің пән әдіскері Дәулетқали Мархабатұлының бастамасымен Майлыкент жалпы білім беру мектебінің базасында тарих және география пәнінің мұғалімдерімен «Тарих және география пәндерін оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану» атты тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында білім саласына ерекше басымдық беріп отыр. Мұғалімдердің жалақысы да жыл сайын 25-30 пайызға көтерілуде. Біз мұғалімдердің шеберлігі мен оқушылардың белсенділігін арттыру мақсатында ауданда түрлі іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Соның бірі осы тарих және география пәндеріндегі оқыту әдісін жетілдіру. Бұл іс-шараның мақсат – белсенді оқыту әдістерін пайдаланудың оқушыларға тақырыпты меңгертудегі шапшаңдығын арттыру, - дейді ол.
Семинар барысында география пән мұғалімдері А.Дайрабекова «Жер бедерінің адамзат тіршілігі мен шаруашылығына тигізетін әсері», Ғ.Дуйсенбиев «Тарих-география пәндерін оқытуда белсенді оқыту әдістерін қолдану», тарих пәні мұғалімдері Д.Усембеков «Қазақ КСР экономикасының шикізатқа бағытталуы», Г.Халыкова «Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты» атты тақырыбында, Д.Усембеков, Г.Халыкова, Ғ.Дуйсеналиев үлгілі ашық сабақтар өткізді. Пән әдіскері Дәулетқали Мархабатұлы семинарды қорытындылап, аталмыш семинардың маңыздылығын атап өтті.
Семинар соңында мұғалімдер өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.
Сонымен бірге Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты «Мерей» бөбекжай-бақшасының логопед маманы Баян Толеш «Педагогикалық идеялар понарамасы» «Ерте сауаттылық» бағыты бойынша ұйымдастырылған байқауда І орынды иеленіп, Республикаға жолдама алды.
«Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамыту кезеңдері» атты тақырыпта ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамытуда ойын түріндегі тапсырмалар мен әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, баланың ірі және ұсақ қол моторикасын дамыту, ойлауын, есте сақтауын, қиялын дамыту, зейінін тұрақтандыру, сонымен қатар, АКТ-ны қолдана отырып, суреттерге қарап сөйлем құрау, шағын әңгімені мазмұндай білуге дағдыландыру. «Осы байқауда жеңіске жеткен Баян Толеш Түлкібас ауданы атынан облыс намысын республикада қорғайтын болады» дейді аудандық әдістемелік кабинетінің пән әдіскері Дәулетқали Мархабатұлы.