Келес ауданында ұлттық ойындарға барынша көңіл бөлінуде. Оны балалардың бойына балабақшадан сіңіруге тырысуда. Аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Апетованың айтуынша, ауданда бұл жоба аясында жұмыс істеп жатқан балабақшалар санаулы екен. Соның бірі «Балдырған» балабақшасы.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен құрылтайда біздің ұлттық бірегейлігіміз табыстылықта екенін айтты. «Бұл ел дамуының маңызды стратегиясына айналуға тиіс. Әр білім мекемесі өз алдына «Біз қайткенде табысты балабақша, табысты мектеп, табысты колледж бола аламыз» деген мақсат қойып, оған жауап беруге дайын болуы керек» деп атап өткен болатын. Бүгінде осы талаптан шығып жүрген «Балдырған» балабақшасы ұлттық құндылығымызды дәріптеп, насихаттап жүр, - дейді ол.
Оның айтуынша, «Балдырған» балабақшасында аптаның әр сәрсенбісі – Ұлттық күн деп жарияланған. Осы күні балабақша қызметкерлер ұлттық киім үлгісінде киініп, барлық топтар бойынша ұлттық құндылықтар насихатталады. Бөбекжай-балабақшасында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді ұлттық ойындармен таныстыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында аптаның бір күнін қазақ халқының ұлттық ойындарына арналып та отыр. Жалпы қазіргі таңда балалардың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілеттерін дамытып жылдамдық пен епшілдікке баулитын қазақтың ұлттық ойындарын бала тәрбиесінде қолданудың маңызы өте зор және ол әрекет өз нәтижесін беріп келеді.
- Балабақшада баланың білім мен тәрбие алуына қажетті көрнекіліктер қоры мол, әсіресе ұлттық ойын түрлеріне арналған көрнекіліктерді шебер тәрбиешілер өз қолдарымен жасаған. Мектепалды дайындық тобы тәрбиеленушілері ел ішінде ұмыт бола бастаған «Бестемше» ойынын жақсы меңгерген және қызыға ойнайды. Сондай-ақ «Ханталапай», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» және тағы басқа ойын түрлері күнде ойнатылуда. Осылайша балабақшада бүлдіршіндерімізді ұлттық құндылықта тәрбиелеу үрдісі өзге, аудандағы барлық балабақшалар мен бөбек-жайларған насихатталуда, - дейді бөлім әдіскері.