Ордабасы ауданында елге белгілі ел азаматтары мен жеке кәсіпкерлер тарапынан үздік оқушыларға степендия тағайындау үрдіс ала бастады. Осындай ізгі амалды жасағандардың бірі – Кеңес Одағының батыры Б.Оңтаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің алғашқы түлегі, тұңғыш «Алтын медаль» иегері Әсет Әссанди.
Оның айтуынша, өзі білім алып, түлеп ұшқан, жаңа өмірге жолдама берген білім ошағына деген қамқорлығын осылай көрсеткісі келген. Ондағы мақсат, ауылдағы балалардың жақсы білім алуға, өнегелі тәрбие алуға деген қызығушылығын арттыру екен. Осы мақсаттан туған оның ұсынысын ауыл мектепбі ыстық ықыласпен қабылдаған.
Аталған мектепте былтырғы оқу жылынан басталған үрдіс биыл да өз жалғасын табуда. Үздіктердің ішінен үздіктерді анықтайтын дәстүрлі түрде тоқсан сайын өткізілетін «Әсет Әссанди олимпиадасының» марапаттау рәсімі жақында аталып өтті. Аталған салтанатты кешке аудан, облыс көлеміне танымал қадірменді қонақтар мен Әсет Әссандидің ұстаздары да арнайы қатысқан еді.
-Ауылымыздың тумасы, білімді де іскер азамат Әсет Әссанди, өзінің туған өлкесінен, өзінің түлеп ұшқан мектебінен келешекке нық қадам басып, алға қарай ілгері жылжу үшін құлшынысы мол, білімді, дарынды шәкірттердің көптеп шығуына бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отыр. Сол үшін, әр тоқсан сайын 5-9 сыныптардағы үздіктер арасында әр буынға 3 орыннан анықтап, нәтижесі бойырша іріктелген 15 оқушыға өз отбасы атынан марапаттау мен стипендиялар тағайындады. Бұл мектеп оқушыларының жақсы оқуға деген ынтасын арттырып отыр, - дейді мектеп басшылығы.
Ол кешке қатысқан Әсет Әссанди сынып жетекшілері мен тексеру комиссиясына алғысын білдіріп, үздіктердің қатарынан көрінген жерлестерін арнайы дипломдармен марапаттап, степендиясын тапсырды.