Ордабасы ауданындағы білім мекемелерінде тәрбие жұмыстары жақсы жолға қойылып келеді. Атап айтсақ, жуырда М.Исламқұлов атындағы жалпы білім беру мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрғали Есжановтың ұйымдастыруымен өткен «Әкем айтқан нақыл сөз» атты іс-шара әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
- Қазіргі қоғамда әке мәртебесін көтеру, әке тәрбиесін дәріптеу бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынуда. Бұл бір жағы тәрбиенің қайнар көзі болса, бір жағы отбасындағы бала тәрбиесінде өзіндік ықпалы, орны болады деген сенім бар. Біздің де мақсатымыз мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты дамыта отырып, әке беделін арттыру, - дейді ол.
Оның айтуынша, іс-шара барысынды отбасы құндылығындағы әке тәрбиесінің ролі, қазіргі уақыттағы әкелердің жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалының деңгейі туралы жан-жақты сын пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Ал мектептегі «Көркем сөз» үйірмесінің оқушылары поэзия оқып, ата-ана Жарылқасым Оралбеков «Әке толғауы» термесін орындаса, музыка пәні мұғалімі Ғ.Жұматаев әке туралы әнін шырқады. Мектеп педагог-психологы Қызжібек Суюндикова әкелермен және қонақтармен тәрбиелік маңыздағы тренинг өткізді.
Тамаша іс-шараны аудандық білім бөлімінен келген әдіскер, «Әкелер мектебіне» жауапты әдіскер Г.Досқара қарытындылады.