Қазығұрт ауданындағы білім беру мекемелерінде мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс жақсара түскенінін байқау қиын емес. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Ә.Егізектің айтуынша, бұл ата-аналар орталығының барлық білім ошақтарында құрылуымен байланысты жақсара түсіпті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім саласына басымдық бере отырып, оқушылардың жақсы білім, саналы тәрбие алуына ерекше көңіл бөліп келеді. Президентіміз Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда да жасөспірімдерді жаһандық қауіп қатерден қорғай отырып, ғылым мен білімге баулудың маңыздылығын анықтап, бағыт бағдарымызды айқындап та берген болатын. Міне, соның арқасында жаңа оқу жылынан бастап ата-аналармен барлық білім беру ұйымдарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» өз жұмысын бастағаны белгілі. Олардың ең бірінші басымдығы – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, мектептің ата-аналармен қарым-қатынасын, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту болып отыр, - дейді ол.
Осы орталықтың жоспарына сәйкес ауданының білім бөліміне қарасты Қарабастау жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі Лаззат Мырзабекова 4-сынып ата-аналарымен «Әрбір оқушы – жарық жұлдыз» атты тақырыбта ата-аналар жиналысын өткізді.
- Бұл ата-аналар жиналысының мақсаты – ата-ананың бала тәрбиелеудегі оң психологиялық көзқарасын, балаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар ата-аналардың мектеппен тұрақты қарым-қатынасын қалыптастыру болатын. Біз ата-аналармен кездесу барысында сол талаптан шығып, негізгі нәтижемізге жеткендей болдық, - дейді 4-сынып жетекшісі Лаззат Мырзабекова.
Ол ата-аналармен өткен жиналыста ата-ананың мектеппен қарым-қатынастың тиімді модельдерін іздестіру, балалар өмірінде ата-аналардың рөлі туралы мағлұматтар бере отырып пікір алмасты. Сонымен қатар балалардың дүниетанымын, қабілетін, дарынын дамыта отырып білімді, салауатты ұрпақ тәрбиелеуде жанұяның рөлін дамыту бойынша керек кеңестер беріп, түрлі ойын, жаттығулар ұйымдастырып, кездесуін қызықты өткізді.