Отырар ауданында жас мамандарға қолдау бар. Аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Арынның айтуынша, аудан деңгейінде жас мұғалімдерге үнемі әріптестік көмек көрсетіліп отырады. «Жас келсе – іске» демекші жас мамандарға көмек ретінде білім бөлімі тарапынан аудандық семинарлар, дөңгелек үстелдер мен форумдар ұйымдастырылуда.
Осындай басқосу жуырда Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернат базасында «Жас мамандардың педагогикалық шеберлігін дамыту арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында жас мамандар форумы өттікен болатын.
- Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа икемі бар, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар. №4 лицей-интернат базасында ұйымдастырылған форумда «Жас мамандардың педагогикалық шеберлігін дамыту арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбының мақсаты – жас педагогтарды қолдау, осы салаға сұранысты арттыру және шығармашылығын шыңдау, зияткерлік пен кәсіби қызметтің жаңа түрлеріне ынталандыру. Сондай-ақ, білім саласындағы талантты да, талапты жастарды және кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстыру болып табылады, - дейді А.Арын.
Жас мамандардың педагог мәртебесін арттыру, жастардың кәсіби деңгейін көтеру, сабақты жоспарлаудың күшті және әлсіз жақтарын, саралау тәсілдерін, формативті бағалау, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану мен жас ұстаздардың зерттеу дағдыларын дамыту мақсатында өткізілген форумның әсері ерекше болды.
Форум барысында педагогикалық тәжірибе аламасумен қатар, инновациялық идеялар да айтылды. Аталған форумда жас педагогтер дуэт сабақтар өткізіп, коучинг пен шебер сыныптарға қатысып, әдістемелік әдіс-тәсілдер игерді.