Қазанның 5-інде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш рет өткізілген Республикалық педагогтер съезіне қатысып, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтіп, үлкен қолдау білдірген болатын. Жиында ел президенті: «Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз» , – деген еді.
Мемлекет басшысының бұл сөздері саурандық ұстаз Махсуда Мамадалиева үшін өте зор қолдау болды. Әл-Фараби атындағы мектептің директоры ұстаздарға көрсетіліп отырған құрметке дән риза. Тиісінше мұғалімдер қауымы да осы құрметке лайықты болуы үшін терең білімді болуы керек деп есептейді. «Мен өзіме келетін болсам 2018 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі лауазымы бойынша «Педагог-шебер» біліктілік санатын, 2021 жылы ІІІ санатты мектеп басшысы біліктілік санатын алдым. Еңбек жолымды 2001 жылы «Иқан» жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастадым. 2002-2005 жылдарда педагог-психолог, 2005 жылдан 2020 жылға дейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымдық қызметтерін атқардым. 2020 жылдың ақпан айынан бастап аталған мекеменің директор лауазымдық қызметіндемін.
Жалпы пәндер бойынша өткізілген республикалық пән олимпиадасының күміс медаль жүлдегерлерін дайындап, Білім және ғылым министрінің құрмет грамоталарымен марапатталдым. «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының алтын, күміс медаль жүлдегерлерін дайындадым. Оларға танымал ЖОО-лардың білім гранттары берілді. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқаны үшін Елбасының алғыс хатымен марапатталдым.
Мен өзім басқарып отырған Сауран ауданы білім бөлімінің «Әл -Фараби атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1968 жылы 640 оқушыға арнап салынған. Мектеп тарихына тоқтала кетсем, 1918-1962 жылдары «Ескі Иқан білім орталығы», 1962-1964 жылдары «Жданов», 1964-1968 жылдары «Ю.А.Гагарин», 1968 жылы мектептің атауы Түркістан райисполкомының №269 бұйрығымен «БЛКЖО-ның 50 жылдығы», 1994 жылы 23 наурызда Түркістан ауданы әкімінің № 69 қаулысы негізінде «Иқан» жалпы орта мектебі деп өзгертілді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №263 қаулысына сәйкес «Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп өзгертілді. Мектеп 2013 жылы толық күрделі жөндеуден өткізілді. 2023-2024 оқу жылында 1370 оқушы, 92 тәрбиеленушімен тәлім-тәрбие жұмыстары жүргізілуде»,- дейді Әл-Фараби атындағы мектептің директоры Махсуда Мамадалиева.
Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің бүгінгі жетістіктері көз қуантарлық. Білім ошағында жалпы педагогтар саны – 188. Олардың ішінде үшеуі педагог-шебер, 19 педагог-зерттеуші, 41 педагог-сарапшы, 64 педагог-модератор, 11 мұғалім магистратураны тәмамдаған.
2021 жылы бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткізілген облыстық олимпиадаға мектебімізден бастауыш сынып мұғалімі Н. Балтаева қатысып, бас жүлдеге ие болды. Сөйтіп Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының дипломымен марапатталған.
2021 жылы биология пәні мұғалімі М.Байжанова облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадасында «Талапты ұстаз» аталымын иеленді.
«Білімді ұлт - тұрақты даму кепілі» тақырыбы аясында өткізілген тамыз педагогикалық оқуларында өзінің кәсіби шығармашылық қабілетімен дараланып, өзін-өзі тану пәнінен Шахрибану Разикова, тарих пәнінен Райхан Балтабаевалар І орын, география пәнінен Нишанбаев Қуваниш, химия пәнінен Нигора Султанова, биология пәнінен Абдулла Юнусов, көркем еңбек пәнінен Азиза Мисирова, бастауыш сынып бойынша Гайратова Назималар ІІ орынға ие болғаны үшін Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Мақтау қағазымен» марапатталыпты.
Мектепті республикаға танытып жүрген шәкірттердің еңбегі мақтануға тұрарлық. Мәселен, Исмаилова Мөлдір 2001 жылы өзбек тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық пән олимпиадасына қатысып І орынды иеленген. Маннапова Озода 2011-2012, 2012-2013 оқу жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық пән олимпиадасына қатысып, жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлаған. Аталған олимпиаданың облыстық кезеңінде 2013-2014, 2014-2015 оқу жылдарында Зиявитдинова Дилхумор, 2015-2016 оқу жылында Мирхайдарова Сангина, 2016-2017 оқу жылында Абдурахманова Зулфиналар жүлделі І орынға ие болды. 2022-2023 оқу жылында 11- сынып оқушысы Бабажанова Фазилат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде І орынды алып, республикада І орынды иеленді.
Аталған мектептің шәкірттері ұлттық бірыңғай тестілік сынақ қорытындысы бойынша да үздіктер қатарынан танылып келеді. Мәселен, 2013 жылы ҰБТ, 2018 жылы білім алушылардың олимпиада, байқауларға қатысу қорытындысы бойынша «Иқан» жалпы орта мектебі «Республикадағы ең үздік 100 мектеп» қатарына енді. Мектеп бітірушілері жыл сайын ҰБТ-да жоғары балл жинап еліміздегі таңдаулы оқу орындарының мемлекеттік грант иегерлері атанады.
2021-2022 оқу жылында 35 оқушы, 2022-2023 оқу жылында 31 оқушы түрлі жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын жеңіп алды.
Биылғы жылы мектеп оқушылары арасында өткізілген олимпиада, байқаулар қорытындысы бойынша да мектеп үшінші рет Қазақстан Республикасындағы «Ең үздік 100 мектеп» қатарына енді.
2022-2023 оқу жылында 5, 6-сынып оқушылары арасында болып өткен республикалық пәндік олимпиадаға жалпы 14 оқушы қатысып 10 оқушы жүлдегер атанды. Бір-бір оқушы І- ІІ орындарды иемденсе, 8 оқушы ІІІ орынға ие болды.
Олимпиада қорытындысы бойынша қатысқан оқушылардың 71,4 пайызы жүлделі орындарға ие болды. 9-11 сыныптар арасында жалпы 38 оқушы қатысты, оның 28 -і жүлдегер атанды. Олардың ішінде 5 оқушы І орынды, ІІ орынды -10 оқушы, ІІІ орынды – 11 оқушы алды. Олимпиада қорытындысы бойынша қатысқан 7-8 сыныптар арасында оқушылардың 73,6 пайызы жүлделі орындарға ие болды. 7-8 сыныптар арасында өткізілген олимпиадада жалпы 12 оқушы қатысып, 7 оқушы жүлделі орын алды.
Оның ішінде бір оқушы І орын, ІІ орынды- 2 оқушым, ІІІ орынды – 4 оқушы алды. Жалпы олимпиада қорытындысы бойынша қатысқан оқушылардың 58,3 пайызы жүлделі орындарға ие болғандығын мектеп басшылығы мақтан етеді.
Олимпиада нәтижесі бойынша мектеп 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылдарында Сауран ауданы бойынша І орында тұрақтады. 2022-2023 оқу жылында 5 оқушы пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен І орынды иеленіп облыстық олимпиадаға жолдама алды. 11 «А» сынып оқушысы Бабажанова Фазилат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, жүлделі І орынды иеленіп, республикаға жолдама алып онда да бірінші орынға ие болды. 11 «Ә» сынып оқушысы Қайтмасова Жасмин құқық пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып «Алғыс хатпен» марапатталды. 9-сынып оқушысы Абдукадирова Одина «Яссауитану-2023» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жүлдегері атанып, республикаға жолдама алды.
Ағымдағы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы өткізілді. Конкурсқа Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептен 4 оқушы қатысып, 3 оқушы жүлделі орынға ие болғанында айта кеткен жөн.
10 «А» сынып оқушысы Эргешова Мадинабону этномәдениеттану бағыты бойынша қатысып І орынды иеленді және облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл оның жетекшісі Камалова Машхураның ұстаздық еңбегінің жемісі. 11 «Ә» сынып оқушысы Абдурахманов Баймурад математика бағыты бойынша қатысып ІІІ орын иегері атанды. Оның жетекшілері Ахирова Дилнаваз, Имамова Эллораның біліктілігі жоғары мұғалімдеріміз деп айтуға болады. 9 «Ә» сынып оқушысы Абдуллаева Умида этномәдениеттану бағыты бойынша қатысып ІІ орын иегері атанды. Жетекшісі Артикбашова Шахноза этномәдениеттану бағыты бойынша көп еңбек сіңірген білікті ұстаз.
Президент қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою керектігін айтқан болатын. Жетістіктері бір төбе Саурандағы Әл-Фараби атындағы мектептің бүгінгі аяқ алысынан біз осы теңсіздіктің жойылып бара жатқанынана куә боламыз.