Отырар ауданы Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернат базасында «Жас мамандардың педагогикалық шеберлігін дамыту арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында жас мамандар форумы өтті. Жас мамандардың педагог мәртебесін арттыру, жастардың кәсіби деңгейін көтеру, сабақты жоспарлаудың күшті және әлсіз жақтарын, саралау тәсілдерін, формативті бағалау, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану мен жас ұстаздардың зерттеу дағдыларын дамыту мақсатында өткізілген форумның әсері ерекше.
Форумның басты міндет-мақсаттары: жас педагогтарды қолдау, осы салаға сұранысты арттыру және шығармашылығын шыңдау, зияткерлік пен кәсіби қызметтің жаңа түрлеріне ынталандыру. Сондай-ақ, білім саласындағы талантты да, талапты жастарды және кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстыру болып табылады.
Форум барысында педагогикалық тәжірибе аламасумен қатар, инновациялық идеялар да айтылды. Аталған форумда жас педагогтер дуэт сабақтар өткізіп, коучинг пен шебер сыныптарға қатысып, әдістемелік әдіс-тәсілдер игерді.