Бүгін - Халықаралық музей күні. Атаулы күн 1978 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің ХІІ Бас Ассамблеясының шешімімен жарияланған. Жыл сайын 150-ден астам елде атап өтіледі.
Осы орайда, бүгін Қазақстанда, яғни Көкшетау өңіріндегі Бурабайда алғаш рет жеке меншік этнографиялық музей ашылды.
Музейдің салтанатты ашылуына Ақмола облыстық әкімшілігінен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаяси зерттеулер институты мен «Қоғамдық келісім» РММ, «Ауыл» партиясының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Түркістан, Павлодар областарының ғалым-сарапшылары, әлеуметтанушылары, басқа аймақтардан қонақтар қатысты.
«Nomadius» этнографиялық музейінің негізі тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Жамбыл Артықбаевтың бастамасымен 2022 жылы қаланған болатын.
Жамбыл Артықбаевтың мәлімдеуінше, музейде бүгінгі күні қазақ халқының дәстүрлі этнографиясына, Еуразия халықтарының дәстүрлі материалдық және рухани мұрасына қатысты мыңдаған ескерткіш жинақталды. Музей бірнеше құрамдас бөліктен тұрады: музейдің негізгі ғимараты, оған іргелес орналасқан алаңшалардағы шошала, ұста дүкені, киіз үй, ұлттық асхана т.б.
Игі шара барысында музейге Түркістан облысынан да тамаша тарту жасалды. Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" КММ-нің Этносаралық қатынастар саласының мониторинг және ақпараттық-насихат жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы Хамит Исақов сөз сөйлеп, Түркістан халқының ыстық сәлемін жеткізді. Ол атадан мұра боп пайдаланып келе жатқан көне шөп кесетін ғажап жәдігерлік бұйымды табыстады. "Бұл жәдігер менің Исақ атамнан қалған дүние еді. Талай жыл еңбекке араласқан, бірнеше буынның көзін көрген бұл тарихи бұйымды музейге қойғанды жөн көрдік", - дейді Хамит Исақов. Сондай-ақ салтанатты шарада Кенесары ханның үзеңгісін музейге Түркістан облысы, Созақ ауданында тұратын ұрпақтары арнайы тарту етті. 200 жылдан аса тарихы бар бұл құнды жәдігерді қазақтың соңғы ханы жастық шағында, ер жеткен кезінде қолданған екен.
“Музей – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт. Еуразия номадтарының мәдени мұрасы ғалымдар үшін қызықты және қоғам үшін өзекті. Бұл жерде кілемдердің, қозғалыс құралдары және ат әбзелдерінің, музыкалық аспаптардың, сонымен бірге қару-жарақ түрлерінің, оюланған ағаш заттардың, керамиканың, зергерлік бұйымдардың, кестелердің, полихром заттар мен әшекейлердің бірегей коллекциялары жинақталған. Заттық мәдениет үлгілерінен басқа бұл жерде ұлттық дәстүрлер мен рәсімдер сипатталған сирек кездесетін кітаптарды, фильмдерді, фотографияларды, суреттер мен эскиздерді көруге болады. Музейдің сыртқы экспозциялары құрамында: Шошала, Ұстахана, Киіз үй және шарушалылық мәдениеті, үлкен экспозициялардың бірнешеуі музей ғимаратына кіреберісте орналасқан", - деді Хамит Исақов.
Ұлттық асхана - Музей алдындағы алаңда бірнеше түскиіздер, қоржындар, ұлттық киім үлгілері, декоративті дүниелер т.б заттар ілінген. Шошала - ағаштан қиып салған жазды күні ас дайындайтын, ет ыстайтын, зат сақтайтын ағаштан бұрап салған құрылысты көруге болады, Шошала генезисі энеолит дәуірінің үй-жайынан бастау алады және түркі халықтарында мыңдаған жылдар негізгі үй-жай қызметін атқарды.
«Өткеніңді білмей, болашақты болжай алмайсың» демекші, мұражайдың құндылығын жас ұрпақ түсініп, өз тарихын жетік білсе деген ниеттен туған салтанатты шара көпке қуаныш сыйлады.
Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 150-ге жуық музей бар, онда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді.