Қазақстан - бейбітшілікті насихаттаушы, татулықты пен тұрақтылықты қалайтын ел. Соның бірден бір дәлелі - түрлі этностар мен діни топтар өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны. Бұл, әрине, мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта жүріп жатқандығының белгісі. Бүгінде қазақ жерінде 140 этнос пен 18 конфессияның өкілдері тату тұрып жатыр. Азаматтарға өз қалауы бойынша дін ұстану еркіндігі мен әр ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің сақталуына мүмкіндік берілген.
Түркістан облысы республикадағы халқы тығыз қоныстанған аймақ ғана емес сонымен қатар түрлі этнос өкілдері шоғырланған өлке. Бүгінде өңірдің өзге ұлт өкілдері өзінің талантымен, ауызбіршілігімен көпшілікке үлгі болып жүр. Солардың бірі саурандық Муратжан Атажанов - қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын талант иесі. Муратжанды Түркістан өңіріндегі өнерсүйер жұртшылық жақсы таниды десек қателеспейміз. Ол домбыраны нақышына келтіре тартып, түрлі шараларда өнер көрсетіп жүр.
Қаршадайынан қазақ ұлтының төл музыкалық аспабын серік етіп, көптеген байқауларда бақ сынаған ол бұған дейін де талай жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Өнерлі азамат - қазақтың қасиетті қара домбырасымен бірге небір додаларда топ жарып, аудан атын алыстарға танытуға атсалысып жүр.
«Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық. Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну Отанымыз – Қазақстан Республикасында ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді» дейді Муратжан.