Бүгінде егемен еліміздің іргесі берік қаланып, әлем мойындаған мемлекеттер қатарынан орын алдық. Қазақстан халқы Ассамблеясы таза қазақстандық саяси жаңашылдықтың нәтижесінде қалыптасқан өзіндік бірегей институт деңгейіне көтерілді. Ол этносаралық және конфессия-аралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарды және атқарып келеді.
Осыдан екі жыл бұрын «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігі құрылған-ды. Қазіргі таңда өкілдіктің құрамында облыс бойынша 30-ға жуық белсенді жас бар. Былтыр өңірдегі этностар көп шоғырланған 9 аудан, қалада «Ассамблея жастары» РҚБ «Таза табиғат» акциясы, «Тәні саудың – жаны сау», «Алғысым шексіз», «Татулық – достықтың мекені» сынды тақырыптарда жалпы 268 іс-шара өткізді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының, «Қоғамдық келісім» КММ мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан: жастар қоғамның қозғаушы күші» деген тақырыпта семинар өтті. Семинар барысында «Көшбасшылық және команданы басқару дағдылары» атты шеберлік сыныбы өтіп, ол «Бірлесу» еркін пікірталас алаңына ұласты.
Үш күнге созылған семинардың мақсаты – еліміздің келешегі – жалынды жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, оларға қолдау білдіру. Сондай-ақ, олардың өзара достық қарым-қатынастарын нығайта түсу мен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік беру.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары ұрпақ сабақтастығындағы бірлік пен келісімді нығайтудың қозғаушы күші мен тетігі екендігін ұғына отырып, қоғамның барлық әлеуметтік салаларына белсенді қатысуға тырысады. Біз сол арқылы елдің жоғары оқу орындарымен, ғылым және мәдениет орталықтарымен ықпалдастық орнатып, ғылым және зерттеу салаларын дамытуға, қайырымдылық жұмыстарына, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарына қатысуға, кәсіпкерлік негіздерін игеруге мүмкіндік алдық. Сондай-ақ, Ассамблеяның «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» тарихи-экологиялық акциясы аясында өңіріміздің мәдени және рухани киелі орындарында болдық.
Ассамблеяның жастар бойына сіңіруі тиіс тағлымды бастамаларының бірі – «Қазақтану» жобасы болып табылады. Ол мәдениетті, тілді, тарихты, қазақ халқының тұрмыстық ерекшелігін насихаттауға арналған. Жастар ұрпақ сабақтастығын сақтап қалу үшін ата-баба тарихын, дәстүрін танып-білуі керек. Ересек өмірге енді ғана қадам басқан жастардың өз болашағына қызығушылық пен мүдделілік танытып отыруы заңдылық. Жас ұрпақ өз мүмкіндіктеріне сенеді, болашағына қандай білім мен ілімнің қажет болатынын жақсы біледі»,- дейді Түркістан облыстық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшесі Интизора Нусратуллаева.
Жалпы, бұл іс-шаралардан бөлек, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері республикалық байқауларда, интеллектуалды жарыстарда көш бастап жүр. Мәселен, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Бірлік жастар лагері», «Бір ел», «Елтану» жобалары аясында Алматы қаласында, Түркістан, Жетісу, Жамбыл, Павлодар облыстарында өткізілген республикалық зияткерлік додалардан жүлделі орындар иеленді.
«Біздің ендігі мақсатымыз – биыл өтетін республикалық іс-шараларды өз облысымызда ұйымдастыру. Бұған мүмкіндігіміз толық жетеді деген ойдамын»,- дейді Интизора Нусратуллаева .