Жавлон Сабитов: Біз Қазақстандай мемлекетімізбен мақтанамыз!

image.png

КСРО ыдырағаннан кейін кейбір ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Қазақстаннан көшіп кеткенімен, олардың көпшілігі Қазақстанды өз Отаны деп қабылдап, елде тұрақтап қалды. 

Республика аумағында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өз салт-дәстүрлері мен мәдениетін, тұрмыс-салтын сақтап қалуға мүмкіндік алды. Сол себепті еліміздегі басқа ұлттар мен ұлыстар қазақ халқына тек алғысын айтады. Ұлтымызға алғыс жаудырған жанның бірі Қазығұрт аудандық өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты, Тураб Тула жалпы орта мектебінің директоры Жавлон Сабитов. 

«Бір шаңырақтың астында 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктірген қазақ халқына мың алғыс! Сонау қиын-қыстау заманда ауыртпалықты қайыспай бірге көтеріскен, құтты қоныс бола білген елге деген құрметінің белгісін түрлі этнос өкілдері алғыс айтумен білдіріп жататыны мені қатты толқытады. Пейілі кең, ұстанған жолы дара, қамқорлық пен мейірімділіктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстанның келешегі жарқын екендігіне толық сенемін. 

Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақстанның осындай көпұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі себеп болды. ХХ ғасырдың басында Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, беларусь, балқар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәріс ұлтының өкілдері күштеп көшірілді. 

Бүгінде Қазақстан діңгегі берік елге айналды. Ұлтаралық келісімді нығайтуда Ассамблеяның маңызы зор. Оның басты мақсаты да сол – мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру, елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. 

Қазақстан тек қазақ халқының ғана емес, өзге де ұлттардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтауына кең жол ашып берді. Осындай жағдай жасап отырған кеңпейіл қазақ халқына өзге этнос өкілдері қарыздар десем, қателеспеймін. 

Бізге тыныштық пен бейбіт өмірді сыйлаған, әлем елдерімен қарым-қатынасы жоғары қазақ елін мақтаныш тұтамыз. Біз әрдайым осы еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосуға дайынбыз. 

Дана қазақ «кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Кез келген қысылтаяң шақта ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдей біліп, ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы межелеген мақсаттарымызға жету маңызды. Қазақстанның шаңырағы әрқашан биік, босағамыз берік болсын! Тыныштыққа, бейбітшілікке жететін еш құдірет жоқ. Біз «Қазақстан бізге не берді?» деп емес, «Біз Қазақстанға не бере аламыз?» деген ұстаныммен өмір сүруіміз керек»,- дейді ол.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер