Түркістан қаласында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында өткен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Венера Саражова сөз сөйлеп, қоғамдық бірлестіктің жүмысына тоқталып өтті.
«Қазақ жері кең байтақ! Көңілі дархан! Талай тар жол, тайғақ кешуде тығырықтан шығып қана қоймай, небір қилы заманда шеттен келген басқа этнос өкілдерін жатсынбай қарсы алды. Бауырына басты, төрін ұсынып, бір үзім нанын бөліп берді.
Бүгінгі таңда өңірімізде 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік және олардың аудандар мен қалаларда 4 филиалы және 23 өкілетті өкілі жұмыс атқаруда.
Этносаралық татулықты сақтауда түсіндірме жұмыстарының маңызы үлкен. Бұл орайда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ақпараттық-насихат тобы құрылған, олар ауыл-аймақты аралап, кездесулер өткізуде. Ақпараттық-насихаттық жұмыстарға жергілікті жерлердегі беделді азаматтар де тартылған. Ол кездесулерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы және Ассамблея сессиясындағы мақсат-міндеттерді іске асыру жайы қаралып, мемлекеттік бағдарламалар халыққа жан-жақты түсіндіріліп келеді.
Түркістан облысы әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, өңірдегі этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандарда этносаралық толеранттылықты нығайту мақсатында өткен жылы 348 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, биыл жыл басынан бері 61 кездесу өткізілді.
Сондай-ақ бірлікті бекемдеу бағытында түрлі тақырыптарда семинарлар өткізіліп келеді. Сол іс-шаралардың шеңберінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» және этносаралық қатынастарды зерттеуші ғалымдардың методикалық кеңестері тыңдалды. Аталған институт директорының орынбасары Айгүл Садуақасова Сарыағаш және Сайрам аудандарында «Мемлекеттік этносаясатты іске асыру және этникалық салада қолданыстағы заңнаманы сақтау мәселелері» тақырыбында семинар өткізді. Сондай-ақ «Этносаяси сауаттылық және этномедиация негіздері тақырыбында» үшкүндік семинар және жақында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар өтті.
Қазіргі таңда Президент бастамасымен елімізде көп нәрсе өзгерді. Саяси реформалардың нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл тұрмысын жақсартуға үлкен қолдау жасалып отыр. Кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген 2,5% несие, қайтарымсыз грант, жұмыссыздарды қоғамдық жұмыспен қамту, «Ауыл аманаты», «Серпін», «Жастар практикасы», «Күміс жас» жобасы сияқты шарапаты мол бағдарламалар бар. Оның игілігін әз азамат, әр отбасы сезінуі тиіс.
Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары, мүшелері де қоғамда беделі бар, айтары нақты, сөзі өтімді тұлғалардан сайлануда. Бір сөзбен айтқанда, Ақсақалдар кеңестері Ассамблея жанынан құрылып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен бірге қызмет етуде. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерінің Ақсақалдар кеңестерімен санасатынын да байқап отырмыз. Демек, бұл Кеңестердің айтары барын, халық атынан сөйлеуде, салмақты ой айтуда орны барын, беделінің артып келе жатқанын аңғартады.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Медиация кеңесі құрамында 19 мүшесі мен 56 кәсіби және қоғамдық медиаторлар жұмыс істеуде.
Мемлекет басшысы таяуда Ассамблея сессиясында Түркістан облысының этномедиацияға қатысты жұмыстарын оң бағалап, оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен жыл басынан бері жалпы 462 іс-шара өткізілді. Этнос өкілдері көпшілік мәдени және спорттық іс-шараларда белсенді атсалысуда.
Биылғы шараларға қысқаша тоқталсам, алдағы уақытта «Бабалар үні» тақырыбындағы этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айту байқауы, «Әнім сенсің - туған жер» тақырыбында патриоттық әндер байқауын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының өңірлік байқауы, этнос жастары арасында «Ұлттық ойын – ұлттық қазына» тақырыбында және «Бірлік» тақырыбында спорт сайыстары өткізілмек.
Тағдыры бір, мақсаты ортақ көпэтносты халқымыздың бірлігі арта берсін! Еліміз аман болсын! Елдігіміз мәңгі болсын!»,- деді өз сөзінде Венера Мұхамедқызы.
Ахыска түріктері түркі халықтарының құрамындағы тағдыры күрделі, тарихи тағдыры ауыр ұлттардың бірі. Бұл халықтың орналасуы қазақ жерінен алыста, тілдік байланыстары алшақ болғанымен, тағдыр ол халықты тоталитарлық қоғамның зұлмат жылдарында қазақтармен бір шаңырақ астында табыстырды. Содан да Түркістан жерін мекен еткен ахысхалықтардың кешегі тарихы мен бүгінгі тағдыры түркістандықтарды да бей-жай қалдырмайды.
«Ахыска» түріктері – Сталин режимімен 1944 жылы қарашада Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударған көптеген халықтардың бірі болып келеді.
14 қараша 1944 жылы Грузияның Түркиямен шектесетін шекарадағы Аспиндза, Ахыска, Адыгюн, Ахилкелек және Богдановка секілді аудандарынан ахыска түріктерін Орта Азияға күштеп қоныс аудартты.
Тарихқа көз жүгіртсек...
Ішкі істер халық комиссариатының ресми деректеріне қарағанда 1944 жылдың желтоқсан айының ортасында 92 307 адам, оның ішінде ер азаматтар – 18.923 (қариялар мен мүгедектер), – 27.399 әйелдер, 16 жасқа дейінгі балалар 45.085 болатын. Ең алғашқы эшелондар Ташкент облысына 9 желтоқсан 1944 жылы келді. Қоныс аударушылардың екінші жартысы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарына 22 күндік жолдан кейін келіп жетті. Қазақстанға қоныс аударушылар саны 6300 отбасын құрады, яғни 27 833 адам. Оларға тек 3 күндік тамақтарын алсын деп бұйрылды, бірақ олар 20 күннен астам жол жүрді. Жол бойы тауарға арналған вагондарда 40 мыңға жуық адам суықтан және аштықтан мерт болды. Себебі, ол вагондар адам жағдайын еш қанағаттандырмады. Біріншіден, вагондардың ішіне 20-30 отбасын сыйғызды. Екіншіден, ол вагондар ешқандай жылулыққа икемделмеген. Ішкі істер халық комиссариатының ресми деректерінде мынандай көрсетіледі: «Қоныс аударушыларға ешқандай эксцесс жүргізілген жоқ және оларға жол бойы әрбір станцияда тоқтап ыстық тамақ берілді» деп жазылған болатын. Бірақ ол мағлұматтардың бұрыс екендігі белгілі. Түнгі сағат 12-де әскери киімдегі адамдар түріктердің үйлеріне келіп, оларды өз тұрғылықты жерлерінен эвакуациялады. Соғыс біткен соң оларды қайтадан өз үйлеріне әкеп жайғастырамыз деген уәде әлі күнге дейін орандалған жоқ. Түннің жартысында кім не аларын білмей, ешқандай дайындықсыз тек құжаттарын алуға үлгерді. Жер аударылғандарды тауар вагондарына салып, сыртынан құлыптап тастады. Вагонның ішінде ашыққандар сырттан көмек сұрай алмады, дәретке шығайын десе есік құлыпталған, іші боран, себебі далада қараша айы және вагонның ішінде пеш орнатылмаған. Осының салдарынан қаншама адамдар жолда үсіп, қайтыс болды. Арнайы мәліметтерде КСРО Ішкі істер халық комиссариатының дерегі бойынша 1948 жылдың маусым айы бойынша 14895 адам қайтыс болды деп келтіреді. Шын мәнісінде алғашқы алты айда 37 мың адамға жуығы қайтыс болды, олардың ішінде 17 мың балаларды құрады. Қоныс аударған түріктердің ешқандай қоғамдық және азаматтық құқықтары болмады. Оларға Қазақстан мен Орта Азияның ауылдық жерлеріне ғана қоныстануға рұқсат берілген.
Тарих қойнауындағы түрік бауырлардың бастан кешкен өмірі осылай.
Осылайша туған елінен, жерінен жырақтаған түрік бауырларымыз қазақ жеріне сіңісіп, нәтижесінде 1991 жылы ақпанда Алматыда «Түркия» түріктер қоғамы» республикалық қоғамдық ұйымы құрылды. 1996 жылы қоғамдық ұйым «Ахыска» түрік ұлттық орталығы» деп өзгертіліп, тіркелді. Қазіргі уақытта төрт облыстық (Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда), 6 қалалық және он үш аудандық филиалдар жұмыс істейді.м 2004 жылдың қазан айынан бастап түрік, қазақ және орыс тілдерінде ай сайынғы «Ахыска» газеті шығарылады. Үш жексенбілік мектептержұмыс істейді. Түріктердің көбісі тұратын жерлердегі 30-дан астам жалпы білім беретін мектептерде түрік тілі оқытылады. «Тұран» және «Кавказ» би ұжымдарықұрылды. Әр этномәдени бірлестіктердің жанында вокалдық және хореографиялықұжымдар жұмыс істейді.