Жамол Кадиров: Қайырымдылық кез келген қиындықты жеңеді

image.png

Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында  «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында өткен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында  Төлеби аудандық өзбек

этномәдени бірлестігінің мүшесі Жамал Кадиров сөз алып, өз ойын ортаға салды. 

«Білесіздер, биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпады. Еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқыны болып, тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Айтарлықтай материалдық шығындар келтірілді.

Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады. Алғашқы күннен бастап облыста штаб құрылып, аудан, қалалардан жүк керуендері жіберілді.

Төтенше жағдай орын алған облыстарға Ассамблеяның «Жүректен – жүрекке!» акциясы аясында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің қолдауымен жалпы 150 млн теңгеге 630 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Игі істен «Ассамблея жастары» да шет қалмай, 6,5 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберді.

Жалпы өткен жылы облыстық Ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер мүшелері 870 мұқтаж отбасыға 156 млн теңге, «Мектепке жол» акциясы аясында 882 балаға 25 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. 

Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Үлес» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға 2010 жылдан бері 40 үй салып берді. Сондай-ақ биыл наурыз айында мақтааралдық жомарт жан, «Cotton мақта» ЖШС-нің директоры Абдухашим Боев көмекке мұқтаж екі отбасыны қуантып, оларға екі баспана сыйлады.

Өздеріңіз куәсіздер, өңір тұрғындары Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы топан су басу кезінде бір-бірінен көмегін аямады. Төтенше жағдай тұсында қиналған халыққа қолдан келгенше көмек берді.

Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықты темірқазығындай ұстанған елдің ең басты құндылығы – бірлік.

2020 жылы Мақтаарал ауданында да су тасқыны болғаны есімізде. Көптеген азаматымыз үй-жайынан айырылды. Дегенмен мемлекет бірде-бір азаматын далада қалдырмады. Барлығына шығынын өтеп, үй салып берді. Сол кезде де отандастарымыз ел болып, бір кісідей жұмылып ол апаттан аман-есен шықтық. 

Биылғы су тасқыны одан да көлемді, алайда, әр қиындықпен бірге жеңілдік бар демекші, біз бұл сынақты ауызбіршілік пен мейірімділік, қамқорлықтың арқасында бірлесе еңсереміз.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.

Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Мұны мемлекетіміздің әрбір азаматы жақсы біледі, жақсы сезінеді деген ойдамын.

Сонымен қатар, ел азаматтарын, кәсіпкерлер мен меценаттарды еліміздегі көмекті қажет ететін қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетуге, қайырымдылық шараларына белсене атсалысуға шақырамын. Себебі әрбір жан жақсы өмір сүріп, бақытты болуға лайықты.

Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Қазақстанымыз қарыштап дамып, көркейіп, гүлдене берсін!»,- деп Жамал Османәліұлы тілегін жеткізді. 

       Айта кетейік, өзбектер қазақ жеріне ежелден-ақ қоныстанған. Олар тұтас тұрып жатқан дәстүрлі аймақ — Түркістан облысы. Сонымен қатар, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында да біршама өзбек ұлты тұрады. Дәстүрлі айналысатын кәсібі – диқаншылық, малшылық, құрылыс және сауда. Бүгінде Қазақстан аумағында 500 мыңға жуық өзбек тұрып жатыр. Алғашқы өзбек мәдени орталығы 1989 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан) құрылған. «Қазақстан Республикасы өзбектер этномәдени бірлестіктері "Дустлик" ЗТБ 1995 жылы құрылды. 2011 жылы «Дустлик» қауымдастығы қайта тіркеуден өтті. Оның құрылтайшылары - Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы өзбек этномәдени орталықтары.

Өзбек тіліндегі мектептер саны - 136, оның ішінде 17 - толық, 119 - аралас мектептер бар. Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіптік лицейлері мен колледждерінде өзбек тілінде оқытатын топтар жұмыс істейді. Түркістан педагогикалық колледжінде бастауыш сынып мұғалімдері өзбек тілінде оқытатын мектептер үшін дайындықтан өтеді.

Өзбек тілінде 10-нан астам газет-журналдар шығарылады, 10-нан астам әдеби-шығармашылық бірлестіктер сәтті жұмыс істейді. Екі өзбек театры бар, Сайрам қаласында (Түркістан облысы) облыстық өзбек драма театры және Түркістандағы Қарашық ауылында өзбек халық театры жұмыс істейді. Әр өзбек орталығында жексенбілік мектептер бар, вокалды-хореографиялық ансамбльдер құрылды.

2001 жылы өзбек тілінде оқытатын мектептерде екі тілді білім беру жүйесін енгізу жобасы басталды. 2006 жылдан бастап жыл сайынғы мемлекеттік тілді білуге арналған «Мемлекеттік тіл - білім - парызың» республикалық конкурсы өтіп келеді. 2006 жылы дәстүрлі халықаралық «Лапар» фестивалі ЮНЕСКО-ның «Әлемдік материалдық емес мәдени мұра» тізіміне енгізілген. Жыл сайын Наурыз мерекесі тойланады. 1998 жылдан бастап «Әмір Темір» халықаралық қайырымдылық қорының филиалы жұмыс істейді. 2007 жылы ұлттық күрестің «Қазақстан күресі федерациясы» одағы құрылды. 2003 жылы «Қазақстанның өзбек жастары одағы» құрылды. 1992 жылдан бастап жыл сайын Офарин сайысы өткізіліп келеді. 1995 жылдан бастап жыл сайын өзбек этностарының тілі, мәдениеті мен дәстүрлері күндері өткізіліп келеді. Түркістанның 1500 жылдығын, Тараздың 2000 жылдығын мерекелеуге қатысты. «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық жобасына белсенді атсалысып келеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер