Елена Стребкова: Үлкендердің батасын алу - мен үшін мәртебе

image.png

Осынау Ұлы дала төсінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір шаңырақ астында бақытты күн кешуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде татулықты ту еткен құтты орынға айналды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси және тәуелсіз мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысында оң әсерін бергені сөзсіз.

Кеше Түркістан қаласындағы  «Фараб» кітапханасында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында  Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өткен болатын.  Бұл жиында қоғамдық маңызын жоғалтпаған көптеген проблемалар да қозғалды. Соның ішіндегі ең бастысы – түрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, тұрақтылық пен татулықты сақтау. Сәйкесінше, дәл осы ұғымдар Ассамблеяның негізгі міндеті болғандықтан, ауқымды іс-шараның көпшілікке бергені де мол болды деген ойдамыз.

Сессия барысында Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова сөз сөйлеп, өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша мазмұнды баяндама жасады.

Сондай-ақ Елена Николаевна: "Ұлтым орыс болғанмен, мен қазақтың келінімін. Сондықтан қалың елдің алдына шыққан соң қазақтың салты бойынша сәлем салу – келіндік міндетім, ал үлкендердің, халықтың батасын алу – мен үшін мәртебе", - дей келе көпшілікке ілтипат білдіріп, сәлем салды. 

- Мен Кентау қаласындағы №16 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Өзім Талдықорған қаласының тумасымын. Жолдасыммен арман қала Алматыда танысып, ешқашан көрмеген Кентауға келін болып түскеніме, міне, қазір 10 жылға жуықтапты. Жолдасым Нұрсұлтан – үйдің ең кенжесі болғандықтан, қарашаңырақта ата-енеммен бірге тұрамыз, үш қызымыз бар. Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретті, қазақы тәрбиеге баулыды. Қазақ отбасына келін болып түсуім де қазақ тілін тереңдей меңгеруге септігін тигізіп келеді. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, еркін сөйлей алса, оның артықшылығы деп ойлаймын. Бұл - өзің өмір сүретін елге деген құрметтің белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін, - деді Елена.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», деген болатын.

- Бүгінде Түркістан облысында этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге, қазақ халқының салт-дәстүрін терең тануға жан-жақты қолдау жасалуда. Осы орайда, биыл Алғыс айту күні шеңберінде 17 аудан, қаладағы білім беру мекемелерінде, яғни мектептерде, колледждерде «Тарих ғибраты» тақырыбында 23 «дөңгелек үстел» және барлық аудан, қалаларда «Алғыс айту - парызым!» тақырыбында мектеп оқушыларының арасында мемлекеттік тілде эссе жазу байқауы және «Анамның әлдиі, әжемнің ертегісі» облыстық байқауы өткізілді.

Сондай-ақ өткен жылы «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына облыстан қатысқан жас таланттар жеңіс биігінен көрінді. Атап айтсақ, саурандық Дильноза Тоджимет «Өнерлі өрге жүзер» байқауында жеңімпаз атанса, түркістандық Шахсанам Рустамова «Жарқыра, жас дарын!» байқауында топ жарды, - деді ол.

Сонымен қатар, Түркістан облысында қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Облысымыздың барлық аудан, қалаларында тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары.

- Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтуы тиіс. Әлем таныған ел болу үшін мемлекеттік тілді биіктетуіміз керек. Бұл - біздің басты парызымыз, - дейді Елена.

Айта кетейік, Түркістан  облысының славян мәдени орталығы 1991 жылы ұйымдастырылып, әділет органдарында тіркелген. Бұл өз қызметін Орталықтың Жарғысына және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асыратын қоғамдық ұйым.

Түркістан облысының славян мәдени орталығын құруға бастамашылық жасаған – оның тұңғыш төрағасы, археолог ғалым, публицист, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің алғашқы жинағының авторы Николай Павлович Подушкин.

Славян халқының мәдениетін, дәстүрлерін, тілдерін сақтау мақсатында облыстық славян орталығын құру мәселесін көтерген Николай Павлович бірінші күннен бастап сол кездері жұмыс істеген педагогикалық институттағы профессор-оқытушылар арасындағы әріптестері тарапынан түсініспеушілік пен сынға ұшырағаны жасырын емес. Оны орыс шовинизмін насихаттаушы ретінде айыптап, жоғары оқу орнының басшылығына Ғылыми Кеңес құрамынан шығарып тастап, студенттерге дәріс оқуға рұқсат бермеуді ұсынғаны да аян. Дегенмен, заң шеңберінде жұмыс жасай отырып, Славян орталығы өз қызметін одан әрі дамытып,  облыс тұрғындары арасында қолдау тапты.

Славян мәдени орталығының белсенділері мен қоғамдастық өңірдің тарихи және мәдени мұрасын сақтау бойынша ауқымды жұмысты Николай Павлович Подушкиннің есімімен байланыстырады. Бұл жұмыс «Оңтүстік Қазақстан» және «Своя газета» газеттерінде жарияланған Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы көптеген ғылыми-көпшілік мақалалар, студенттерге арналған монографиялар мен оқу құралдары, әртүрлі ғылыми форумдарға жасаған баяндамалары мен хабарламалары арқылы жарық көрді. Бұл жарияланымдарға деректілік пен белгілі бір тақырыпты зерттеуде ғылыми тәсілді пайдалану тән.

Айта кетейік, Түркістан облысы халқының құрамы саналуандығымен ерекшеленеді, өңірде 50-ден астам этностар мен этностық топтардың өкілдері тұрады. Облыста 11 этномәдени бірлестік (өзбек, славян, түрік, күрд, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзірбайжан, грек және «Ынтымақ» этносаралық этномәдени бірлестігі) бар, аудандар мен қалаларда 7 филиал және 14 өкілдік жұмыс істейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер