Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі, тәуелсіздіктің тірегі. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа тұрпатты мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді.
Тәуелсіздік мемлекеттілік, ел аумағы, тіл, шекара, дәстүр, тарих, қауіпсіздік деген ұғымдармен байланысты. Бұл ұғымдар конституциялық нормалар деңгейінде бекітілген, толыққанды мемлекеттік басқару мен реттеу тетіктерімен қамтамасыз етілген. Сондықтан ел бірлігін бәрінен биік қою, өткен тарихтан сабақ ала отырып, қолда барымыздың қадірін білу маңызды болып қала бермек.
Бүгінде Қазақстан - бірлігі мен берекесі жарасқан мемлекет. Тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына түрлі этнос өкілдері қоныс тепті. Бүгінге олар тегі басқа болғанымен тілегі бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.
1995 жылдың 1 наурызында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтып, елімізде тұратын барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыруда. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыс өкілдерінің өз тілін, мәдениетін, дінін сақтап, дамытуына жағдай жасалған.
Бақ ынтымаққа, ынтымақ бірлікке барады. Қазақтың осы сөзін еліміздегі өзге этнос өкілдері жақсы түсінеді. Себебі бірлігі сөгілген кейбір шет мемлекеттердің халқы балапан басымен тұрымтай тұсымен кетуде. Қазақта «Бірлік түбі – береке» деген нақыл сөз бар. Біздің жеткен жетістіктеріміздің түп қазығы татулық пен бірлігімізде. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ еш бұзылмай, бүгінге дейін түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір, діні басқа ділі бір қаншама этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістанда 50-ден аса этнос өкілдері киелі шаңырақ астында ынтымақта өмір сүріп келеді. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің берген мәліметінше, облыстық ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 34 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдар – «Қоғамдық келісім кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ғылыми-сарапшылық топ», «Медиация» кабинеті және «Журналистер мен блогерлер клубы» ел бірлігін нығайту, ынтымақтаса еңбек ету жолында қыруар шаралар атқаруда.
Айта кетерлігі, өңірімізде қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі де артуда. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту – Ассамблеяның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысында этнос өкілдерінің 90 пайыздан астамы қазақ тілін жетік меңгерген. Түркістан облыстық ҚХА мүшесі, славян ұлтының өкілі Ирина Чеганова да қазақ тіліне судай.
«Қазіргі таңда славян мәдени орталығы мәдениетті, дәстүрді, тілді сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Мемлекеттік тілді үйренуге, басқа этномәдени орталықтармен достық пен ынтымақтастықты арттыру бойынша жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Көптеген іс-шаралардың ішінде Баянауыл сапары айрықша есте қалды. Павлодар облысы, Баянауыл ұлттық паркінде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген түрлі этнос жастарының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі тіл мектебі іс-шарасында бәріміз бір отбасы ретінде, бір мақсатта қазақ тілін білуді тереңдете бастадық. Іс-шараның мақсаты тіл үйренушілерді қазақ халқының тұрмысына, дәстүрі мен мәдениетіне терең бойлату арқылы мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасау. Әрине, санаулы күннің ішінде тілді толық үйрену мүмкін емес, бірақ бұл күндері біз қазақ мәдениетіне терең бойлай келе, қазақ тілін үйрену әдістемесі туралы білімімізді кеңейттік, қазақ халқының дәстүрлерін сахналадық, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйрендік, әндер шырқадық, өлеңдер оқыдық, Баянауыл ауданының киелі жерлеріне, танымал адамдардың мұражайларына бардық. Мұның бәрі қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті одан әрі оятты.
Біздің көп ұлтты сипатқа ие барлық іс-шараларымызға басқа ұлт өкілдері де қатысатынын атап өткім келеді. Ал біз, славяндар басқа этномәдени бірлестіктердің де іс-шараларына белсене араласамыз. Достық пен бейбітшілікті басты мұратымыз деп санаймыз.
Ел бірлігі – мемлекеттілік негізі. Өйткені ынтымақ пен бірлік егіз ұғым. Ынтымақ бар жерде бірлік бар, ал бірлік бар жерде ынтымақ салтанат құрады. Бейбіт заманды басты бай¬лығы санаған халқымыз қа¬шанда татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған ата-бабаларымыз бен Алаш ардақтылары да татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі бәрінен қымбат қазына деп санаған. Олай болса, қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға баянды ұлы мақсаттар қоя аламыз. Біздің әрбіріміз, көп этносты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып, ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
Халқымыз талай қиындықты, небір зобалаң заманды бастан кешті. Жарқын болашаққа сенді, рухын түсірмеді, қасіреттен сабақ алды. Ендігі жерде ел бірлігін сақтай отырып, тәуелсіздікті тұғырлы ету, барды бағалап, жоқты саралау, ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылсақ биіктерді бағындыратыныз анық», — дейді Ирина.