Бүгін Арыс қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, Тәуелсіздік стелласында және қалалық мәдениет үйінде тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен жастар, әскери бөлім сарбаздары мен қала тұрғындары қатысты. Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған жиында сөз алған шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер мерекесімен құттықтады.
Шара барысында патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды. Сонымен бірге Арыс қаласының дамуына атсалысқан белсенді азаматтар арнайы қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері - Ту, Елтаңба, Әнұран. Елдігімізді айшықтайтын рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Биыл мемлекеттік рәміздерге 32 жыл толып отыр.
Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұстас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.
Мәртебелі жиынның басты мақсаты - рәміздерді және отанды құрметтеу, патриоттық сезімді нығайту, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.