Келесте мемлекеттік ту әуе шары арқылы биікте желбіреді

image.png

Келес ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орай, «Рәміздер елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты мәдени салтанатты шарасы өтті. Абай ауылындағы орталық алаңда ұйымдастырылған іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, тұрғындарды мәртебелі мерекемен құттықтады. 

– 1992 жылғы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер барлық уақыт пен заманда қоғамдағы әр адам үшін қастерлі де, қасиетті. Рәміздер халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін бейнелейді, оның құндылықтары мен қасиетті жерлерін, ата-бабалар жадын және жаңа ұрпақтың болашақ жетістіктерін білдіреді. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Рәміздер күні құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін, - деді аудан басшысы.

Салтанатты жиын барысында еліміздің көк байрағы әуе шары арқылы көкке көтерілді. Ту көтеру рәсімі мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерекеде Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы патриоттық әндер шырқап, көпшілікке жігер сыйлады. 

image.png

Айта кетейік, 1992 жылдың қаңтарында Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимннің жобасын дайындау туралы байқау жарияланды. Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны сол жылы бекітіліп, 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданған-ды.  Қазақстанның бейресми әнұраны атанған Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әнінің мәтіні аз кем өзгертілді. Мәтін авторы ретінде Н.Назарбаев өз ұсыныстарын енгізді.  «Менің Қазақстаным» әнұран ретінде алғашқы рет Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімі кезінде орындалды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың көгілдір біртүстілігі, аспанның бұлтсыз таза күмбезін еске түсіріп, Қазақстан халқының бірігудің жоғары және игілікті идеясына бейімділігін бейнелейді. Мемлекеттік жалаудың көгілдір аясы, Қазақстан халқының жаңа мемлекет құруға ұмтылу ниетінің тазалығы мен көтеріңкілігін көрсетуге шақырады. Өз сәулесіне шомылған алтын Күн, тыныштық пен байлықты білдіреді. Күннен тарайтын шапақтардың саны - 32. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы дала бүркіті қазақтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің биіктігін танытады. Тудың енi ұзындығының жартысына тең: 1:2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын дайындау ҚР СТ 988-2007 мемлекеттік стандарты бойынша орындалады. Мемлекеттік туды жасап шығару арнайы қызмет болғандықтан, лицензияның болуын талап етеді. Мемлекеттік туды пайдалану тәртібі және Мемлекетті тудың бейнесін пайдалану ережелер "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" заңында бегітілген.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер