Бүгін 4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні Сарыағаш ауданында кең көлемде тойланды. Салтанатты шарада еліміздің атын әлемге танымал етіп жүрген патриот өнерпаздарымыз «Саялы Сарыағаш» этно -фольклорлық ансамблінің жетекшісі Сәрсенбай Ахметовты аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістанда 4-маусым ҚР мемлекеттік рәміздер күнініне орай өткен «Патриоттар форумында» «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблінің жетекшісі Сәрсенбай Ахметов «Патриоттар» форумының мәдениет саласы аталымы бойынша «Жыл патриоты» атанды .
Айта кетсек, «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблі Қазақстан Республикасының атынан Беларусь Республикасында өтетін ХХХIV Халықаралық Ұлттық музыка фестивалінде ағымдағы жылдың 7-9 маусым күндері өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді 40-тан астам шығарма бар. Ойналатын аспаптары: сыбызғы, саз сырнай, сырнай, қобыз, домбыра, шертер, бас- домбыра, шаңқобыз, асатаяқ, дауылпаз, жетіген, нар қобыз, мүйіз сырнай т.б. бар. 2008 жылдың мамыр айында ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінің көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» атағын беру №159 бұйрығына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді.
Қазіргі таңда аталған ансамбль республикалық, облыстық іс-шараларға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени іс-шаралардың, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысуда. Заман талабына сай «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі «этно-фольклорлық ансамбль» деп аталып, халықты ұлттық өнер нәрімен сусындатып, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.