Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Осы орайда, жоспарға сәйкес, Түркістан қаласындағы Баянауыл және Бірлік шағынаудандарында кездесулер өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімің басшысы Х.Исақов, аудандық ЭМБ-нің төрағалары мен белсенді мүшелері, дін саласының өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері және белсенді тұлғалар қатысты.
Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлт болып ұйысуда бірлік пен ынтымақтың алатын орны», «Зайырлылық және діндарлық. Діндар зайырлы болуы мүмкін бе?» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.
Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Еске салсақ, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының 2024 жылы бекіткен «Түркістан облысының этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған ведомствоаралық жоспарына» сәйкес, өңірдің этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында мамыр айының 27-31 және маусым айының 03-19 күндері аудан, қалаларда кездесулер өткізу жоспарланған.
Ұлттық саясатта саяси мақсаттар мен міндеттердің алатын орны бөлек. Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, Қазақстандағы саяси өзгерістер мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып бірте-бірте және бұлжытпай іске асырылмақ. Сонымен қатар ол экономиканы реформалау қазір елдің қоғамдық-саяси өмірін қайта құрусыз мүмкін болмайды деген іргелі қағидаттың дұрыстығын көрсетіп отыр. Себебі қоғамдық тұрақтылық ұлт мәселесін демократиялық негізде шешудің бірден-бір тиімді жолы. Ол – халықтың бірлігі мен бірыңғай азаматтық, бір мемлекеттік тіл. Жалпы, саяси модернизация барысында адамдардың нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударылуы керек. Мұнда ұлттық құндылықтардың дәстүрлі діндермен өзара байланысы, диаспоралар мен этностық топтардың біртұтас қазақстандық қоғамның және біртұтас қазақстандық азаматтық қоғамдастықтың құрамдас бөлігі екендігін түсінген жөн. Қазақстандағы диаспоралар мен этностық топтардың мәдени-рухани құқықтарын сақтап, дамытуға кепілдік берілетіндігіне деген олар¬дың сенімін нығайту міндетін жүзеге асыру қажет. Сол сияқты мемлекет құраушы қазақ ұлтының әлеуетін мақсатты түрде жаңғырту, оның қазақстандық қоғамдағы шоғырландырушылық рөлін көтеру өте маңызды. Этносаралық және дінаралық келісім саясатының кешенді сипат алатындығын оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени-білім, сол сияқты мемлекеттік саясаттың басқа да салаларымен тығыз байланыста қаралатындығын ескерген абзал.
Елімізде қолға алынған саяси модернизациялау үдерісі жергілікті елді мекендердегі этностық және діни қауымдастықтардың мәселелерін мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару жүйесін жетілдіру негізінде тиянақты және өміршең етіп шешкен жөн. Бұл міндеттердің қатарына азаматтардың ұлттық намысын құқықтық қорғауды, олардың тілін, мәдениетін және діни наным-сенімдерін сақтауды қамтамасыз етуді де жатқызуға болады. Ол үшін, әрине этносаралық қақтығыстарға жол бермеу мақсатында осы бағыттағы ахуалды зерттеп, оны болдыр¬мауға арналған ғылыми ұсыныстар дайындап, халықпен жұмыс істеудің жаңа жолдары мен оларға әлеуметтік қызмет көрсетудің заманауи әдіс-тәсілдерін қарастырып, ұлтаралық келісім мен этносаралық бай¬ланыстың тәжірибесі мен мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ескеру қажет.