Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің II тоқсандық отырысы өтті. Кездесу шеңберінде Түркістан қалалық қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудан, қалалық төрағалары мен белсенді мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бүгінгі таңда Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту арқылы өзекті мәселелерді зерделеп, оның шешімін табуға зор үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған, этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі кез келген арандатушылықтың жолын кесу бойынша Түркістан облысы прокурорының өкілі Ермахан Абжанов, Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын ала жою бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, Медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова баяндама жасады.
Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Айта кетейік, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ақсақалдар кеңесі» құрылған болатын. Еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанынан 1119 Ақсақалдар кеңесі құрылып, оның құрамына белгілі тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері және басқа да қоғамдық ұйымдар қатарынан 7639 мүшесі кірді.
2023 жылы Ақсақалдар кеңесі мүшесінің қатысуымен 190 007 адамды қамтитын 6358 іс-шара өткізілді.
Бүгінде ақсақалдар этномедиация, консультациялар мен азаматтарды қабылдау жұмыстарын тиімді жүргізіп, түзеу мекемелеріне барады, суицид пен діни экстремизмнің алдын алуға ықпал етеді.
Бірқатар облыстарда Ақсақалдар кеңесі ауыз су мәселесін шешумен, жолдардың сапасын жақсартумен айналысады, балалар алаңын салуға көңіл бөледі. Ақсақалдар кеңесінің қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мен өңірдің әлеуетін арттыруда ерекше маңызға ие.