Еліміз егемендігін алған отыз жылдан астам уақыт ішінде алған асуларымыз жетерлік. Ол, әрине, елдегі татулық пен бірліктің арқасы. Себебі бірлік пен бейбітшілік болмаған жерде тәуелсіздік бағы да баянды болмайды.
Елдегі осы бір бейбітшілік пен келісімге себепші болып отырған бірден-бір орган бар. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы тек ұлтаралық байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына да назар салып, олардың қоғамдағы белсенділігін жоғарылату бағытында да келелі істер атқарып келеді. Ал ассамблея қанатының астында ілкімді істер атқарып жүрген "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі өңір жастарын бір арнаға тоғыстырып мазмұнды шаралар мен сапалы қызметтер көрсетіп келеді.
Осы жылдар ішінде мемлекеттілігіміз бен халқымыздың бірлігі еш сынақтан сүрінбей өтуіне жастардың қосып отырған үлесі де мол. Мемлекет пен қоғам тарапынан жіті қарастырылып, қабылданып жатқан ауқымды саяси реформалар мен жаңартуларға жастар ұйымдары да белсене атсалысып, қоғам дамуын жеделдету үшін өз мақсаттары мен жұмыс тәсілдеріне түбегейлі өзгерістер енгізіп отыр.
«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі өз замандастарын этносаралық жобаларды іске асыруға тарту мақсатымен 2023 жылы 66 іс-шара өткізіп, оған 5 200 жас қамтылған. Сондай-ақ бірнеше жоба іске асырған. Қайырымдылық, экологиялық, донорлық акциялар жүргізген.
Осы ретте жақында Елордада Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайдың «Ассамблея жастары» ұйымы төралқасының мүшелерімен кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген «Ассамблея жастары» басшылығы мен белсенділері қатысты.
Бұл орайда, аталған жиынға «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің басшысы Абылай Амантай қатысып қайтты. Салтанатты шарада түркістандық жасқа арнайы куәлік табыс етілді.
Іс-шараның мақсаты ҚХА-ның XXXIII сессиясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша идеялар мен тәсілдерді талқылау болды.
Кездесу барысында Президенттің көмекшісі Ассамблея жастарын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы белгілеген құндылықтарды ілгерілету үшін креативті тәсілдер мен құралдарды белсенді пайдалануға шақырды. Іс-шараның басқа да маңызды бағыттары ауыл этникалық жастарымен жұмыс пен өзара іс-қимылды күшейту, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде танымал ету, сондай-ақ Ұйым қызметін жүйелі қолдау мәселелері болды.
Жастардан «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Қазақстанның ұйғыр жастар одағының төрағасы Рустам Қайрыев, «Возрождение «қазақстандық немістер қоғамы» қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Владислав Вебер, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Ассамблея жастары» өкілдігінің басшысы Дариға Смайылова және Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тимур Казьмин сөз сөйледі.
Ассамблеяның жас белсенділері жергілікті жерлердегі жұмыстары туралы айтып, этносаралық келісім мен қоғам бірлігі саласындағы жаңа жобаларды таныстырды, сондай-ақ этносаралық коммуникацияның жаңа медиа алаңдарын құру жөніндегі өз идеяларымен бөлісті.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуде Ассамблея мүшелерінің ерекше рөлін атап өтті. «Жүректен жүрекке» акциясы ҚХА-ның барлық қоғамдық құрылымдарының, әсіресе жастардың жұмысының жоғары тиімділігі мен үйлесімділігін көрсетті.
«Ассамблея жастары» РҚБ Мемлекет басшысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бастамасымен 2021 жылғы қыркүйекте Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылғаннан кейін құрылды.
Аз уақыт ішінде ұйым еліміздің көрнекті жастар ұйымына айналды, оның қатарында бүгінде Қазақстанның барлық өңірлеріндегі өкілдіктерінен 9 мыңнан астам белсенді мүшесі бар.
Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық саясаты әлемге үлгі болып отыр. Әлем қауымдастығы да жоғары бағалауда. Әсіресе ұйым жанынан құрылған ерікті жастар қозғалысының қоғамға тигізіп келе жатқан пайдасы зор. Соңғы жылдың ішінде ғана ауыз толтырып айтарлық жұмыстарды жүзеге асырған Түркістан облысының «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі тиімді тіршілігімен көпшілікті таңғалдырып келеді.