Ежелден татулықты ту еткен, бірлікті баянды болашақпен байланыстырған еліміз бұл күнде ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Бабалар заманынан желісі үзілмей келе жатқан дархандық пен кеңпейілділік те бұл күнде қазақтың басты ұстанымы. Малын жанының, жанын арының садағасына балаған еліміздің бұл даналық байламы да бірлік пен берекені көздеген ұлы мұратқа негізделген. Татулықты ту етуге арналған Елбасының салиқалы саясаты бұл күнде еліміздің әрбір өңірінде көрініс тауып келеді. Егемен еліміздің шежірелі жылдарына көз салғанда да ежелден қанымызда бар дархандық деген дегдар мінез менмұндалап көрінеді. Бүгінде көптеген этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, татулық пен бірліктің үлгісін көрсетіп отырған Түркістан өңірі қай кезде де қазақы дәстүрді берік ұстан¬ған, бабалар аманатына адал болған өлке¬нің бірі. Ал Қазығұрт ауданы бұл күнде жүзі бөлек болса да жүрегі бір, тілі басқа бо묬са да тілегі бір азаматтардың ортақ ша¬ңы¬¬рағына айналды. Мұнда бірнеше ұлт өкілдері қазақтармен ауылы аралас, қойы қоралас етене өмір сүруде. Әсіресе өз ағамыз өзбек ағайындармен достығымыз ерекше.
Қазығұрт ауданындағы өзбек этно-мәдени орталығының белді мүшесі Эгамберді Салихов «Әлімботқа» дайындаудың хас шебері.
Ол 17 жылдан бері Ұлыстың ұлы күні қарсаңында түркі халықтарының ұлттық тағамы – «Әлімботқа» дайындайды. «Әлімботқа» пісіруді әкесінің ағасы Махмудтан үйреніпті. Бұл тағам 20-22 сағатта піседі екен. Эгамберді аспаз бір тәулікке жуық пісірілетін астың құпиясымен бөлісті.
– Алдымен қазандағы бидай мен ет алты сағат бойы қайнатылады. Сонда бидай ашып, желім болады. Өте баяу жанған отта алты сағат демдейміз. Етті сүйегінен ажыратып, сосын ет пен бидайды ағаш кәкпірмен екі жағынан екі адам жақсылап езеді. Қоюланған соң сүт қосамыз. Дәмі тіл үйіретін тағамды үлкен де, кіші де сүйсіне жейді, – дейді ол.
Мұнан соң ол Улмас, Сиродиддин атты екі шәкіртінің «Әлімботқа» пісіруді үйреніп жүргенін айтып өтті.
Эгамбердінің қазақ тақиясындағы сияқты ерекше ою-өрнекті арнайы құрылғымен кесіп, тапсырыс берген адамдардың үйлеріне орнатып беретін де өнері бар.
Ардагер ұстаз үйіргелік жерінде төрт бұқа бордақылап, етін ауыл тұрғындарына өткізеді. Ал, күзге қарай соғымға төрт жылқы байлайды.
– Қазақстанда туып, ержетіп, шаңырақ көтеріп, шәкірт тәрбиеледік. Бауырымыздай қазақ халқына дән ризамыз. Көп ұлтты тәуелсіз Қазақстанымыз жасай берсін! – дейді Эгамберді Абдуллаұлы.