Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының ақпараттық-насихаттық тобының ұйымдастыруымен Келес ауданы Біртілек ауылдық округі этностар тығыз шоғырланған Көлтоған елді мекенінде «Аудан аумағындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету», «Қоғамдағы этносаяси ахуал тұрғындардың көңіл күйі», «Не себептен бүгінгі таңда дінге деген көзқарас өзгере түсті?», тақырыптары бойынша түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында өңір тұрғындары арасында кездесу өтті.
Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының басшысы С.Назаров, Келес аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Қ.Әшірбаев сондай-ақ ауыл тұрғындары, ЭМБ-нің төраға және мүшелері, , дін саласындағы өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері және белсенді тұлғалар қатысты.
Еліміз сан ғасырлар бойы сан түрлі ұлттар мен халықтарға қорған болып, бірліктің қарашаңырағына айналды. Бүгінде діни сенімі мен мәдениеті алуан болғанымен, достық диалогынан, конфессияаралық келісімінен айнымаған еліміз әлемдік дәстүрлі діндердің заңдық құқықтарын да айшықтап берді. Елімізде ресми тіркеуде бар барлық діндердің рухани мұрасын құрметтеу, әр азаматтың сенім бостандығына қол сұғуға жол бермеу заңмен қорғалады. Бүгінгі күні республикада дінге деген көзқарас орнығып, оған деген талап-тілек күшейіп, атқарар міндеті артуда. Бәрімізге белгілі, дін – өзара тұтастықты, ауызбірлікті, қоғамдық келісімді нығайтушы фактор. Оның үстіне елімізде түрлі конфессия мен этникалық топтар өмір сүріп жатыр. Біз осы үлгі арқылы дүниежүзіне танылып отырмыз десем, артық айтқандық емес. Жыл өткен сайын мұсылмандықтың дұрыс жолын ұстанатындардың, оның ішінде жастардың қатары артуда. Білместікпен ислам атын желеу еткен басқа ағымға ергендер райларынан қайтуда. Имандылыққа қараған бірқатар бақуатты азаматтар өз қаржыларымен мешіттер тұрғызып, оны ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде.
Қазақстан халқы шынымен бақытты. Өйткені, біз бір шаңырақтың астында үлкен бір отбасыдай ынтымақта тұрып жатырмыз. Себебі, бейбітшілікте өмір сүру, жауласудан әлдеқайда артық. Осы орайда жергілікті билік тарапынан діни бірлестіктерге көрсетілетін көмек-қолдауға, шынайы көңілге алғысымды білдіргім келеді. Конфессияаралық келісімнің мықтылығын дәлелдейтін түрлі іс-шараларды, акцияларды өткізуде діни бірлестіктер мен атқарушы билік жақсы тіл табысып, бірлесе жұмыс істеуде. Бұл игілікті істердің нәтижесін жұртшылық өз көзімен көріп отыр.
Аталарымыз айтады: «Бір күн ұрыс шыққан жерден қырық күн ырыс кетеді, бір күн бүлік шыққан жерден қырық күн береке кетеді» деп. Осыны ұмытпауымыз керек. Елбасымыз айтқандай, біздің басты байлығымыз – тұрақтылық. Сондықтан ел ішіндегі тыныштықты, ырыс-берекемізді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бұл – мемлекеттің ғана емес, бәріміздің ортақ міндетіміз. Дін – саясаттан бөлек, мемлекеттен бейтарап болғанмен, рухани құндылық ретінде ажырай алмайды. Елімізде діни конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында ауызбірлікте өмір сүруі — ең негізгі мақсат. Біз өзге дін өкілдерін сыйлай отырып, ата дін — Ислам дінін ізгілік пен мейірімділікті, тыныштық пен сабырлылықтың қайнар көзі етуге тырысуымыз керек. Сол арқылы мемлекетті зайырлы етуге әбден болады. Әр азаматтың ар-ожданы, құқығы, бостандығына қол сұғылмауы керек. Мұның бәрін ретке келтіретін арнайы заңнамалық құжат бар. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда конфессияаралық ынтымақтастыққа сызат түспеуді жан-жақты тұрғыда қарастырған жөн. Бұл ел алдында тұрған басты міндет.
Жиын барысында жоғарыда аталған тақырыптарға сәйкес сұрақ-жауаптарға кезектер беріліп, жиналғандар тиісті деңгейде ұсыныс пікірлерін ортаға салды.