Р.Юлдашова: Қазақстанның бірлігін сақтау әрбір этнос өкілі үшін маңызды

image.png

Отбасын нығайту, ана мен баланы қорғау – мемлекеттің басымдық беретін бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат Концепциясында отбасы адам капиталына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде қарастырылған.  2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің негізгі міндеті - Ананың рухани және тәрбиелік рөлі арқылы қоғамдық келісімді нығайту, отбасы құндылықтарын сақтау.

Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық отансүйгіштік пен этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық  дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда өз үлесін қосып келеді. Үй мен түзді қатар ұстап, қоғамның белсенді мүшесіне айналған әйелдер қауымы отбасы тыныштығы мен елдің амандығына жанашыр болып отыр. 

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы тәжік этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Р.Юлдашова Қазақстанның бірлігін сақтау әрбір этнос өкілі үшін маңызды дейді:

- Бейбітшілікті биік қоятын, ұлтаралық достықты ерекше бағалайтын елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Тәуелсіз Қазақстанды мекен етіп келе жатқан этнос өкілдері татулықты сақтап, ел дамуы жолында маңызды рөл атқарып отыр. Ынтымақ пен бірліктің маңызын ұғынған  Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жариялады. Сөйтіп 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, бүгінде Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Сонау жылдары Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Оның ішінде Аналар кеңесінің де жасап жатқан жұмысы жетерлік. Осы уақыт аралығында көптеген қайырымдылық акцияларын, қыз-келіншектерге арналған ұлағатты жобаларды жүзеге асырдық. Әрі қарай да осы қарқынмен жұмыс жасай бермекпіз.

Көптеген этностардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болып келеді. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Тәуелсіздік тұғырын әрқашан биік ұстайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз одан әрі жараса түссін»,- дейді ол .

Айта кетейік, Аналар кеңесі – консультативтік-кеңесу органы. Қазір елімізде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық Аналар кеңесі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер жанында 105, кәсіпорындарда 33 Аналар кеңесі қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы 2014 жылы толеранттылық мәселелері бойынша Аналар кеңесінің I республикалық форумын өткізді. Аналар кеңесінің республикалық форумы сол уақыттан бері дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді.  

Аналар кеңесінің қызметі өмірдің барлық саласын қамтиды: білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие. Кез келген адам көмек алу үшін кеңеске жүгіне алады. 

Кеңестер қыз-келіншектердің құқықтық сауатын арттыру, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесін шешу бойынша орасан зор жұмыс жүргізіп келеді. Жыл өткен сайын аналардың отбасылық, рухани тәрбие, медиация мәселелеріне ат салысуы артып келеді. 

Ал облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі Аналар кеңесінің жұмысы түрлі форматта жүргізілуде. Мәселен клубтар, қайырымдылық орталықтары, дискуссия алаңдары мен конкурстар форматын айтуға болады. Аналар кеңестерінің жанында 570-ден астам үйірмелер, орталықтар мен шығармашылық ұжымдар жұмыс істеп тұр. 

Аналар кеңесі жүзеге асырып жатқан жобалардың тақырыбы да жан-жақты. Ол жобалар отбасыларға психологиялық қолдау көрсетуге, тұрмыстық зорлық құрбандарына көмектесуге, ерекше қажеттіліктері бар балалардың мүддесін қорғауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. 

Республикалық Аналар кеңесінің басшысы Назипа Шанаидың айтуынша кеңес алдына келесідей мақсат-міндеттер қойылған: 

Бірінші міндет –  өз елінің тарихын, салт-дәстүрін, ана тілін білетін мәдени толыққанды тұлғаны тәрбиелеу. 

Екінші міндет – этносаралық келісімді насихаттау, ұрпақ сабақтастығын нығайту және толерантты тұлға тәрбиелеу. Бүгінгі таңда Қазақстанда этносаралық толеранттылық мәселесі жоқ. 

Үшінші міндет – жастардың дұрыс кәсіби таңдау жасауына жол ашу. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер