Медиасауаттылық - татулыққа жол бастайды

image.png

Бүгін Түркістан қаласында 28 маусым – ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Этносаралық қатынастар саласындағы медиасауаттылықты арттыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау. 

Семинарға Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ аудандық филиалдарының БАҚ-қа жауапты мамандары және журналистер қатысты. Семинарды Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды. 

Жиында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел тұрақтылығын сақтауда ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды екенін атап өтті. 

– Мемлекет басшысы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет», деген болатын. Елдің бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтай білу – әрбіріміз үшін өте жауапты міндет. Қазіргідей жылдам ақпараттар ағыны заманында ең алдымен азаматтық қоғамның этносаяси сауаттылығын арттыру аса маңызды. Бұл бағытта сіздердің, яғни бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де қосар үлестеріңіз орасан зор, – деді Эльмира Ұласбекқызы. 

Күн тәртібінде журналистердің этносаяси сауаттылығын арттырудың өзектілігі туралы ой-пікірлер қызу талқыланып, бұл бағытта ақпараттық және медиа сауаттылықты көтеру, фактчекингтің қажеттілігі сөз болды.

Спикерлер қатарында «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры Тельман Бейсен этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі туралы ой қозғады. 

Сондай-ақ семинарда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі және жауапкершілігі жайында сындарлы пікірімен және пайдалы тәжірибесімен бөлісті.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар белсенділік танытып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер