Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» атты жобасы таныстырылды.
Іс-шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, мемлекеттік органдардың, қоғамдық қорлардың өкілдері, республикалық және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемелерінің басшылары қатысты. Қазақстан Халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи таныстырылым модераторы болды.
Елордадағы келелі кеңеске Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қатысты. Сондай-ақ Басқармалар үйінің мәжіліс залында Зуум форматында "Қоғамдық келісім" КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова және аудан, қалалық Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері қатысты.
Кіріспе сөзінде Леонид Прокопенко Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығы Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 13 арнайы жобасын және оларды іске асыру жоспарларын әзірлеп, бекіткенін айтты. Аталған жобалар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының Парламентпен, мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға арналған. Бүгін таныстырылып отырған «Салуатты Сана» жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған.
"Отбасылық және оның баласына қатысты мәселе болатын болса онда бірінші кезекта ана білімді болу керек, ана ол мәселені шешуге атсалысу керек. Мінеосы негізгі ниетпенен біз қауіпті бес кеселді халыққа түсіндіріп, онымен күресудің жолын бірге табу үшін аталған жаңа жобаны қолға алып отырмыз",- дейді Қазақстан Халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи.
Сонымен қатар, жиын барысында Қазақстан Халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай «Салауатты сана» жобасы аясында аталған дерттердің алдын алу және олармен күресу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады. Атап айтқанда өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден, қоғамдық дерттерден сақтандыру, рухани тәрбие беру және ұлттық, отбасылық құндылықтарды насихаттау, қажетті заңнамалық өзгерістер туралы ұсыныстар әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылады.
Іс-шара соңында қатысушылармен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыру, Адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобаның жүзеге асыру бойынша идеялар мен міндеттері талқыланды.