Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Төлеби ауданындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесуі өтті.
Жиынға Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудандағы белсенді мүшелері, кәсіби медиаторлар, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бүгінгі таңда Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту арқылы өзекті мәселелерді зерделеп, оның шешімін табуға зор үлес қосып келе жатқанын атап етті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы - қызметі түрлі этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау арқылы елдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бірегей институт.
Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ шаңырақ астына біріктіре отырып, 29 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі негізінен Қазақстанның барлық халқы арасында түрлі этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға және танымал етуге бағытталған. Ассамблеяда Қазақстан халқының бай әлемін ашатын іс-шаралар өткізіледі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты - ел аумағында тұратын этностардың бай әрі бірегей мәдениетін сақтау және дәріптеу негізінде этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылады. Қазақстанның этностары бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді. Бұл біздің қоғамның басты ерекшелігі емес пе? Халықаралық ұйымдар Қазақстан халқы Ассамблеясының және бүкіл қазақстандық қоғамның тәжірибесін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі ретінде зерделейді.
Ассамблея жұмыс істеген жылдар ішінде этномәдени бірлестіктердің саны айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие, оны Қазақстан Республикасының Президенті басқарады, ал халықтың еркі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутатының қызметімен нығайтылады.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған, этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі кез келген арандатушылықтың жолын кесу бойынша Төлеби ауданы прокурорының орынбасары Ермек Шунеев, Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын ала жою бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, Медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова баяндама жасады.
Медиация тәсілі сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден - бір жолы болмақ, яғни, тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады. Қысқаша айтқанда, медиация кімдікі дүрыс, кімдікі бүрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Яғни, жанжалдасушы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да кәсіби бітімгерге жүгінеді. Ол дауды тыңдаған соң, тиімді шешімді ұсынады.
Медиатор - бұл бітімгер. Бұл - қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Түрмесі болмаған, іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен дуалы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп түсінемін.
Көріп отырғанымыздай, медиация институты бабалар билігінен бастау алған қазақ елі үшін жат емес. Билер соты секілді медиацияның да басты мақсаты-тараптарды табыстырып, бітімгершілік пен түсіністікке қол жеткізу болып табылады.
Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.