Ассамблеяның мақсаты — еліміздегі барлық этностарды рухани тұрғыда қолдау

image.png

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Төлеби ауданындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесуі өтті. 

Жиынға Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудандағы белсенді мүшелері, кәсіби медиаторлар, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты. 

Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бүгінгі таңда Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту арқылы өзекті мәселелерді зерделеп, оның шешімін табуға зор үлес қосып келе жатқанын атап етті.

Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Он төрт жылдың ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп  отыр.

Ассамблеяның негізгі  бағыты  барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады.

Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана айналып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналуында.

Кеңес Одағының сүлдесінен шыққан егемен Қазақ еліне көптеген беделді сарапшылар ядролық қаруға сүйене отырып, қатал державалық саясат жүргізеді деп баға беріп, қауіп күткені белгілі. Алайда қоғамда демократиялық құндылықтар орнату және азаматтық қоғам құру бағытында батыл іс-қимылға көшкен Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабуы, әлемде төртінші орында деп ресми бағаланған ядролық арсеналынан бас тартуы ғаламдық саясаттағы қайталанбас оқиға ретінде мойындалды. Қазақстанның өзінің алдына қойған негізігі мақсаты бейбіт өмір, келісімді қоғам, ынтымақтастық пен бірігу екенін дәлелдеді.

Қазақстанның  жүргізіп отырған ТМД шеңберіндегі бірігу, ЕурАзЭК, АӨСШК, Әлемдік діндер съезі сияқты тың бағыттары еліміздің халықаралық қауымдастықта танымал елге айналып, посткеңестік кеңістіктегі экономикалық, саяси тұрғыда ең қарқынды дамушы мемлекет ретінде бағалануына өз оң ықпалын тигізді.

Алып мемлекет ыдырап, оның аумағынан жас, егемен елдер пайда болған мезетте ел басшылығы алдында жүзеге асуы өте қиын маңызды міндеттер тұрды: орталықтанған жүйеден шыққан, мешел күйге түскен шаруашылықты аяғына тұрғызу; бодандық сана-сезімнен, тоталитарлық жүйенің бойды әбден меңдеген енжарлық, масылдық қамытынан шыққан қоғамға демократиялық тетіктерді енгізу; нарықтық өтпелі кезеңде әлеуметтік ауыр жағдайдың негізінде туындауы мүмкін ішкі этностық қатығыстарға жол бермеу, т.б. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей күш салуымен этносаралық қатынастар саласын саясаттан тыс сақтап, азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында жұмыс жүргізіп отыр.

Күн тәртібіне сәйкес, жиында бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған, этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі кез келген арандатушылықтың жолын кесу бойынша Төлеби ауданы прокурорының орынбасары Ермек Шунеев, Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын ала жою бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, Медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова баяндама жасады. 

2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті «Медиация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды. Бұл заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиаторлардың мәртебесін айқындайды. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді.

Медиация тәсілі сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден - бір жолы болмақ, яғни, тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады.  

Сонымен «Медиация - үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың - медиатордың қатысуымен дау-жанжалды шешудің баламалы әрекеттерінің бірі, ол тараптарды өзара бітімге келуге көмектеседі. Еріктілік, құпиялылық, тараптардың тең құқылығы, медиатордың бейтараптығы, процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен негізделеді».

Қысқаша айтқанда, медиация кімдікі дүрыс, кімдікі бүрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Яғни, жанжалдасушы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да кәсіби бітімгерге жүгінеді. Ол дауды тыңдаған соң, тиімді шешімді ұсынады.

Медиатор - бұл бітімгер. Бұл - қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Түрмесі болмаған, іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен дуалы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп түсінемін.

Көріп отырғанымыздай, медиация институты бабалар билігінен бастау алған қазақ елі үшін жат емес. Билер соты секілді медиацияның да басты мақсаты-тараптарды табыстырып, бітімгершілік пен түсіністікке қол жеткізу болып табылады.

Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер