Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың кезекті отырысы өтті.
Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығы-этносаралық қатынастар дамыту бөлімінің басшысы Тимур Оралбеков модераторлық етті.
Басқосу барысында сөз алған Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов өңірдегі этносаралық жағдайды зерттеуге, оны реттеудің тиімді тетіктерін іздеуге бағытталған жоспарлы жұмыстарға тоқталып, топтың негізгі міндеттері жайында пікір білдірді. «Ел дамуының кепілі - бірлік, этносаралық татулық. Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш - қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Кез келген қуатты мемлекет құрудың басты тетігі - саяси тұрақтылық. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім-тәуелсіздігіміздің басты құндылығы болса, этносаралық бірлік - ел байлығы саналады. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы - еліміздің ары қарай дамуына, әлемдік дағдарысты жеңуге жетелейді.
Еліміз төрткүл дүниеге танылды. Өзіндік даму жолына түскен жас мемлекетімізде қыруар тірліктер атқарылды.Құтты қазақ жерінде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 33 жыл болды. Осы уақыт аралығында этносаралық татулықты тұғырынан түсірмеу бағытына ауқымды жұмыстар атқарылды. Ел аумағында тұратын барлық этностардың құқықтары ескеріліп, гуманистік бағытта атқарылған кешенді әрі тындырымды тірліктер өз жемісін беріп үлгерді. Елдің ішкі бірлігі жолында өзіміз еңбек етпесек, сырттан біреу келіп бізге оны жасап бермейтіні анық. Сондықтан барлық этностарды өз шаңырағының маңайына топтастырған ассамблея белсенділері тұрғындармен тұрақты кездесу өткізіп, мемлекеттік саясаттың басымдықтары жайында жұртшылықпен пікір алмасып, айтылған ұсыныс-пікірлерін ескеруді тәжірбеге енгізді.
Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар жастар тәрбиесі, заң талаптарын сақтау, дау-дамайды реттеу үшін этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтардың тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Ассамблея алаңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке бағытталған сан алуан жобалар жүзеге асуда.
Біз бөлінбеуіміз керек. Мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі этносаралық татулық ең алдымен өзімізге керек екенін түсінетін уақыт жетті»,- деді профессор өз сөзінде.
Сондай-ақ жиында «Қоғамдық келісім» КММ Этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хамит Исақов этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін атап өтті.
– Елімізде мемлекетқұраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Қазіргі таңда осы бағытта жүйелі зерттеу жұмыстары жалғасып келеді, - деді Хамит Рахматуллаұлы.
Расында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Ассамблеяның еліміз үшін қаншалықты маңызды ұйым екенін атап өтіп, оның жұмысын жетілдіру жолдарын айтқан болатын. «Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі»» деп қадап айтқан болатын.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-жобаларын ортаға салды. Бұл ретте Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері маңызды жобалар мен кездесулердің әлеуетін өңірдегі этносаралық тұрақтылықты нығайтуда қолдану жолдарын талқылап, алдағы уақытта атқарылуы қажет іс-шаралар жоспарын пысықтады.
Жиынды қорытындылаған Тимур Оралбеков Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айтылған тапсырмаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Еске сала кетсек, бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілі береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Өңірде тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалған.