Бүгін Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бабалар үні» атты этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айтудан байқау өтті.
Байқауды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық өнерді ұлықтаған додаға Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың төрағалары және мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты - Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыруға, талантты жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, өңірдің мәдени имиджін көтеруге атсалысу сондай-ақ, этнос өкілдеріне қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттауға бағытталған.
Өнерлі жастар сайысына облыстық Қазақстан Халқы Аассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, “Тілдерді оқыту және дамыту орталығы” КММ-і директорының орынбасары Гаухар Махаш, сондай-ақ аталған орталықтың оқытушылары Маржан Ерходжаева, Маржан Аймұратова және «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов қазылық етті.
Байқау нәтижесінде Сайрам ауданынан қатысқан Жасмина Хонтораева І орынға лайық деп танылды. Ал түлкібастық Азиза Кажиева ІІ орынды, саурандық Даниер Расулов ІІІ орынды иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен озық шыққан қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ ауыз әдебиетінен ауқымды орын алатын жанрдың бірі. Батырлар жырында тарихи оқиғалардың ізі сақталған. Батырлар жырының басты тақырыбы – ерлік, батырлық, елді сыртқы жаулардан қорғау. Батырлар жырының басты қаһарманы – батыр.
Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар».
Қазақ эпосы бірде ерлікті, батырлықты дәріптеп ел қорғау, отаншылдық сарында құрылса, бірде феодалдық қоғамдағы әйел теңсіздігін арқау етіп, махаббат тақырыбына негізделеді. Қазақтың халық педагогикасындағы аса бай мұра – батырлық жырлар. Батырлық жырларда ел қорғау, басқыншыларға қарсы күресу кезінде көрсеткен батырлардың ерліктері жырланады, батырлардың отбасына, еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі – шынайы патриоттығы дәріптеледі, көбінесе бірегей ұлға зар болған қарт ата-аналардың арман-тілегі орындалады (Алпамыс, Қобыланды т.б.). Батырлық жырлар, көбінесе 7-8 буынды жыр тармақтарымен жырланады, кейде он бір буынды қара өлең ұйқасымен де жырланады. Жырда әсірелеу, суреттеу басым болады, жыр жедірме екпінімен жеңіл айтылады.