Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Кентау қаласындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесуі өтті.
Жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудандағы белсенді мүшелері, кәсіби медиаторлар, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бақытжан Әшірбаев бүгінгі таңда Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту арқылы өзекті мәселелерді зерделеп, оның шешімін табуға зор үлес қосып келе жатқанын атап етті. Жалпы облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің және филиалдарының тарапынан өткен жылы 348 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, биыл жыл басынан бері 97 кездесу өткізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасады.
Еске сала кетсек, бүгінде өңірдегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған, этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі кез келген арандатушылықтың жолын кесу бойынша Кентау қаласы прокуратурасының прокуроры Бақберген Әбілқасымов, Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын ала жою бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, Медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова баяндама жасады.
Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Бүгінгі заманауи әлемде этностық гомогендік, яғни белгілі бір ұлт үстемдік етіп отырған мемлекеттер көп емес. Ғаламдық саяси картаға көз салсақ, ондай мемлекеттердің шартты саны 12 немесе барлық мемлекеттердің 9 пайызын ғана құрайды. Демек, этностар арасындағы келісім мен татулықты нығайту ісі әрбір мемлекеттің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі.
Әр кезде ұлтаралық қақтығыстарға территориялық талас-тартыстар, халықтар арасындағы тарихи өшпенділік, үстем ұлттың аз ұлттарға өктемдігі мен қысымы, саяси элитаның танымалдылық пен билікке жетудің жолы ретінде ұлттық мәселелерді көтеруі және халықтың көпэтносты мемлекет деңгейінен жеке мемлекеттілікті құруға ұмтылысы себеп болып жатады. Мұндай көріністер, әсіресе XX ғасырда әлемдік саяси картада тәуелсіздік алуына байланысты пайда болған жаңа мемлекеттерде көбірек қылаң берді.
Бірақ шиеленістер мен қақтығыстарды шешудің халықаралық тәжірибеде әбден сыналып, кем-кетігі жонылған айқын жолдары бар екендігі де рас. Ол – зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеуден бас тарту, барлық қатысушы тараптардың мүдделері ескерілген мәміле жасау, адамның құқығы мен бостандығын басты құндылықтардың қатарына кіргізу және түйткілді мәселелерді келіссөздер арқылы шешуге тырысу.
Бүгінде осы жолды таңдаған Қазақстанның үлгісін әлемдік қоғамдастықтың мойындағанын айта кету керек.
Қазақстан – халқы сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің байлығымыз, құндылығымыз. Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес. Қазақстан халқының ұлтаралық шиеленістерге қарсы тұра алуының басты себебі де осында. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақ¬тың астында өмір сүріп тәрбие¬лен¬ген азаматтардың бірлігі берік болады.