Қырық жыл уақыт Қазақ-Жоңғар соғысына қатысып, ерлігімен көзге түскен. Алпыс жасында жаудың жас батырларын жекпе-жекке шақырып, жеңілмеген. Сіргелі Қара Тілеуке батырдың туғанына 330 жыл толып отыр. Осыған байланысты Түркістанда «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиының басты мақсаты бүгінгі жастарға батырдың ерлігін насихаттай отырып, олардың бойында патриоттық сезімді күшейту, ерлікке тағзым ете білуге үйрету, тарихты ұмыттырмау.
18-ші ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы Қазақ елі үшін үлкен нәубет болды. Үдере көшкен ел бас сауғалап жан-жаққа сабылды. Сол сұрапыл жылдары қазақ батырларының қиян-кескі ерлігі ғана үркердей жұртты аман алып қалды. Сол шайқастарда халық ішінде Қарабатыр атымен танылған Сіргелі Тілеуге ерекше көзге түскен. Конференция «Сіргелі қара Тілеуке» деректі фильмінің көрсетілуімен басталды.
«Сіргелі Қара Тілеуке жүрегі кең батыр. Жекпе-жекке 60 жасында шығып, жауына тойтарыс беріп, керек десеңіз жоңғарларды Алатаудың арғы жағына дейін ығыстырып, қуып шыққан,елдігімізді сақтап қалу жолында ерлік көрсеткен тарихи тұлға»,- дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Анарбек Орман.
Пленарлық отырысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсұн Хазіретәлі жүргізді. Баяндамашылар Тілеуке Төбетұлының өмір сүрген кезеңі, оның ерліктерінің тарихы, батыр туралы тың деректер, жорық жолдары, соңғы шайқас алаңы Ойрантөбе туралы мол мағлұмат берді. Сондай-ақ батырдың замандастары Абақ Керей Қожаберген батыр, Көлеген Ер Бәйменбет батыр, Әжібай батыр Найманбайұлы т.б. туралы баяндама тыңдалды.
«Жалпы тарихта Тілеуке Төбетұлы өте мықты батырлардың бірі болған. Әбілхайыр ханның заманында Аңырақай шайқасында ерлік көрсеткен. Одан кейін тарихтан белгілі Ордабасы жиынына қатысып, елдің болашағын, тағдырын шешетін алқалы жиында батырларға, жастарға патриоттық рух берген»,- дейді профессор, тарих ғылымдарының кандадаты Қанат Еңсенов.
Тілеуке 16 жасында жалаң қолмен жолбарысты жайратып ауыл арасында жүректілігімен көзге түскен бозбала, жаугершілік заман басталғанда жасақ құрды, қол бастаған батырға айналды. Қаратау етегін, Түркістанды қорғады. Төле бимен бірге Шыназда шайқасты. Ташкентте қамал салды. Хандарға серік болды, елшілікте жүрді. Бұланты, Аңырақай, Ойрантөбеде қол бастады. 60 жасқа дейін аттан түспеді. Елі үшін туған ер, елі үшін қаза тапты. Қаратаудың етегінде туып, Жетісу жерінде жан тапсырды.