Ардагерлер алтын қазына!

image.png

Сауран ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері Кеңесі қоғамдық бірлестігі 2021 жылы шілде айында құрылған болатын. Құрылғанына үш жыл толған бірлестіктің мақсаты - аға ұрпақ пен бала ұрпақтың арасындағы сабақтастықты нығайту, ардагерлердің өмірлік бай тәжірибелерін патриоттық және адамгершілік тәрбиесін беру ісіне пайдалану, олардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділіктерін арттыру, соғыс және еңбек ардагерлеріне жеткілікті қамқорлық жасауды ұйымдастыру болып табылады. Бүгінде бірлестік мүшелері өңірдегі қоғамдық-саяси тіршіліктің қайнаған ортасынан қол үзбей, өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерін халық игілігіне жаратуға белсене ат салысуда. Жаңадан құрылып,   күннен күнге көркейіп, абаттанып келе жатқан жас ауданың қалыптасуына, дамуына «Қандай үлесімді қоссам екен?» деген сұрақ әрқайсымызды мазалайтыны анық. Азаматтық қоғамның қалыптасуының нағыз келбеті де осы шығар. 

«Ардагерлер шілде айынан бастап қоғам үшін қажетті «Таза өлке» жобасын қолға алды. Жобаның мақсаты - адамдар көп жиналатын орындарға, саябақтар мен аллеяларға экологиялық урналарды орнату, қажетсіз нәрселерді, қоқыстарды бөліп жинақтау арқылы аудан халқының экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Жоба барысында аудан тұрғындарымен әңгімелесіп, ой-пікірлерін тыңдап көрдік. «Шорнақ» елді мекенінің ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Торғанов Ерікбай, аудандық емхананың педиатр дәрігері Бекпенбетова Жазира аталмыш бастаманың қажеттігін, халықтың денсаулығына үлкен ықпалы бар жобаны қолдайтындарын жеткізіп, өз ойларын ортаға салды»,- дейді  Сауран ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері Кеңесінің төрағасы Ақай Тілес.

Иә, қазіргі уақытта қоршаған ортаның пластик қалдықтарымен ластануы аса белең алуда. Әр қадам сайын желбіреп жатқан пластик қапшықтар мен шашылып жатқан пластик бөтелкелерді көретініміз жасырын емес. Тасталған қоқыстарға мән бермеуіміз, кәріз жүйелерінің бір реттік қалталармен толып қалуы көктемдегі су тасқынының басты себептерінің бірі болғаны да белгілі. Ғылыми дәлелдерге сүйенсек, тұрмыстық қоқыстардың ішінде оңайлықпен шірімей жүз жылға дейін сақталатын осы пластиктер ғана екен. Ал оларды өртеу ауаға аса қауіпті заттардың таралуына алып келетінін халық айтаса да сезіп отыр. 

Қоқыстарды бөліп жинақтайтын экологиялық урналарды саябақтарға т.б. жерлерге орнатып, қоқыс түрлерін қайта өңдейтін жерлерге өткізіп отыру бүгінгі уақытта ауданымызда аса маңызды мәселелер қатарынан табылып, өңір жұртшылығының экологиялық мәдениетінің қалыптасуына ардагерлердің бастамасы қолдау табатынына сеніміміз мол.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Аудан әкімі этнос және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті
  • Этносаралық шиеленістердің алдын алу маңызды
  • Тіл мерекесі аталып өтті
  • Бала тәрбиесі - қоғам назарында!
  • Ұлтты сүю - иманнан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер