Аналар кеңесі қоғамның бес кеселімен күресуді көздейді

image.png

Бүгін Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблкясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етті.

Келелі кеңеске облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық этномәдени бірлестіктердің Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты. 

Іс-шарада «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының облыстағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева көпбалалы отбасылардың басым бөлігі шоғырланған оңтүстік өңірдегі отбасыларды, ана-мен бала құқығын қорғау үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Аталған тақырыптар төңірегінде еліміздегі оң өзгерістерді, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және еңбектегі кемсітушілікті жою үшін кешенді шаралар қабылданып жатқанына тоқталды. Сонымен бірге, өткен жылдың соңында партия жанынан қыз-келіншектердің көшбасшылығын дамытуды көздейтін «Әйелдер қанаты» ұйымының құрылғанын, оның бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді. Ұйымның облыстағы алғашқы форумы да «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбына арналғанын, онда тақырып аясында маңызды талқылаулар болғанын тілге тиек етіп, осынау тақырыптың әлі де маңыздылығы жойылмағанын айтты. 

Әдетте «Отан отбасыдан басталады» деген сөзі жиі айтамыз. Әр отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің кішігірім заңдары мен қағидалары болады.

Соған қарамастан, елімізде соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылықтың саны артып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрінің құрбанына айналған жандарға қазіргі таңда дағдарыс орталықтары көмек беруде. Қазіргі таңда еліміздегі дағдарыс орталықтарының саны 50-ге жеткен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға  қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.

Жиында белгілі болғандай, өңірде әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жетекшілік ететін әйел азаматтарының үлесі - 32 пайыз. Қазіргі таңдағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 5600-ден астам мемлекеттік қызметшінің 27 пайызын нәзік жандылар құраса, оның 244-і немесе 15 пайызы басшылық лауазымдарды атқарады. Облыстық мәслихаттағы 13 мандатты қыз-келіншектер иеленген.

Басқосуда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғап, Мемлекет басшысының Қазақстан Халқы Ассамблеясы  сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды. 

Отбасы – мемлекеттің басты құндылығы әрі адамзат баласының бойына ұлттық тәрбиені, адамгершілік қасиетті дарытудың негізгі діңгегі болып саналады. Соңғы уақытта қоғамда отбасындағы бала тәрбиесі, ата-ананың жанұядағы рөлі мен жауапкершілігі туралы сан алуан пікірлер талқыға салынуда. Соның бірі – бала тәрбиесі. Ақпараттық ағын жан-жаққа қаратпай қатты ағыспен ағып жатқанда психологиясы енді қалыптасып жатқан баланы одан арашалап қалу әлбетте қиын. Ал бұл тұрғыда әке-шешенің балаға дұрыс көңіл бөлуі өте  маңызды. Бүгінде отбасы құндылығын кеңінен насихаттау және үлгілі жанұяларды қоғамда дәріптеу мақсатында қала және барлық аудандарда ҚХА жанындағы аналар кеңесі жұмыс істеуде. Аналар кеңесінің негізгі міндеті – ата-анамен бала арасындағы қарым-қатынасты дамыту, ана болу институтын қалыптастыру және жанұядағы ұлттық салт-дәстүрлерді нығайту болып табылады.

«Соңғы уақытта көп отбасыларда кездесетін мәселелер - жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктің көбеюі, ата-ана жауапкершілігінің төмендеуі, енді ғана жанұя құрған жастардың лезде ажырауы, келін мен ененің арасындағы дау ушығып барады. Жалпы отбасындағы мәселенің дұрыс шешім табуы тікелей ата-анаға байланысты. Өйткені, әкенің жанұя алдындағы өз жауапкершілігі бар, ананың өзі орындайтын міндеті бар. Мұны дұрыс үйлестіріп отыру ер мен әйелге байланысты. Ал бала тәрбиесіне әке мен ана теңдей жауапты. Қазіргі таңда білім ошақтарында жас балалар электронды шылым шегуге әуестеніп барады. Ал баланың осындай зиянды қылыққа бой алдырғанын ата-ана білмеуі мүмкін. Осы мәселеге байланысты біздің аналар кеңесі әлеуметтік желілерде ата-аналармен байланысып, дүкендерде жасөспірімдерге электронды шылымдарды сатуға тыйым салатын шараларды қолға алды. Бұдан бөлек, біздің ұйым мектептер мен колледждерде ғана емес, ата-анамен жасөспірімдерді жалпы қамтитын ауқымды іс-шаралар мен жиындар ұйымдастыруда. Онда қажетті мамандардың кеңесін алып, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салады. Мұндай іс-шараларды жиі-жиі өткізіп тұруымыз керек»,- деді басқарма басшысы.  

Сондай-ақ, жиында Қазаұстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамның бес кеселімен жүйелі күрес жүргізу, оның алдын алу және болдырмау жолдарына жасалған жоба-жоспармен таныстырды. Гүлсара Төлебекқызы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің бұл жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталғанын атап өтті. 

 Адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау. Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. 

         Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.

Елімізде «вандализм» ұғымына кіретін әрекеттерді көп жағдайда жастар қауымы жасап жатады. Вандализм көбінесе үрейден, қаттылықтан, қозудан, агрессиядан болады. Яғни қандай да бір бойдағы агрессия ошақтарын қандырушы әрекет ретінде есеп¬теледі. Ван¬дализмге алып келетін жолдар: онтогенді яғни дұрыс емес тәрбие көзі, гипер немесе гипо байектеу баланы, жағымсыз орта болса, биогенді түрде ол шығу тегі (ішімдікке әуестік, психопатия, психикалық ауытқулары агрессивті түрде) арқылы генетикалық тұрғыда ұшырайды. Алғашқы әрекет немесе айқын агрессивті әрекеттің алдын алу психиканы тұрақтандыру және қорғанудың ең тиімді жолы

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ысырапшылдықпен күрес туралы айтқан болатын: "Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі.

Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды.

Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз", - деді ол.

Президенттің айтуынша, қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек.

"Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе", - деді ол.

Міне, Президенттің тапсырмасын бүгінде Анлар кеңесі жан-жақты орындап, елді, жұртты ысырапшылықпен күресуге шақыруда. 

Ал Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова Медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде кеңінен баяндады.

Медиация - кез-келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл қазіргі сот жүйесіне өте қажетті жолдардың бірі. Бұдан соттың да, сотталушы мен соттасушының да жұмысы жеңілдейді. Дұрыс қолдана білсе, екі тарап та ерікті түрде бір мәмлеге келеді. Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 40% медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Өркениетті дейтін шетелдердің тәжірибесі дауларды медиатордың қатысуымен реттеу көп жағдайда екі тараптың келісімге келуімен аяқталатынын көрсетеді. Бұл даулаушы тараптардың санын азайтады. 

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер