Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Құрманова Айзада Амангелдіқызының төрағалығымен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жастар жобалары мен бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында берген тапсырмасын іске асыру жөнінде кеңес өтті.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің өкілдері, Министрліктің салалық комитеттерінің басшылары, өңірлік ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларының басшылары, «Қоғамдық келісім» мекемелерінің директорлары, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.
Іс-шараға Түркістан облысынан Қоғамдық келісім КММ басшы орынбасары Өтегенов Ербас, құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Әшірбаев Бахытжан, Түркістан облысы жастар ресурстық орталығының басшысының орынбасары Есқұлов Пердебек, "Ассамблея жастары" РҚБ-ның Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Амантай Абылай және жастар қатысты.
Кеңес барысында Айзада Кұрманова қатысушыларға Министрлікпен жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруға және дамытуға, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға бағытталған жастар ұйымының жобалары мен бастамаларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы атап өтті. Атап айтқанда, ол мемлекеттік органдардың Қазақстан халқы Ассамблеясымен және оның қоғамдық құрылымдарымен, соның ішінде «Ассамблея жастарымен» елдегі этносаралық келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы өзара іс-қимылын күшейтуге баса назар аударды.
Өз кезегінде, Тимур Джумурбаев «Ассамблея жастары» РҚБ жаңа жобаларын, оның ішінде «Жаңа толқын» жобасын таныстырып, ұйымның этнос жастары арасында мемлекеттік тілді ілгерілету, этномедиация, волонтерлікті, қайырымдылықты дамыту және тағы да басқа бағыттағы жоспарларымен бөлісті.
Кеңес барысында жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге және жастар арасында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған «Ассамблея жастары» РҚБ жастар жобаларының тізбесін айқындау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Алматы қаласының «Рақмет, Жер ана!» акциясы мен Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар театры қызметін ұйымдастыру бойынша тәжірибелерін барлық өңірлерде кеңінен тарату мәселесі қарастырылды.
Өңірлік ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларынң басшылары «Ассамблея жастары» көшбасшыларын жастар саясаты кеңесінің құрамына тарту, этносаралық коммуникациялар алаңдарын кеңейту бойынша қажетті жағдайлар жасау және тағы да басқа жұмыстарға бағдарланды.