Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-нің Мақтаарал аудандық филиалының ұйымдастыруымен 5 тамыз - Медиация күніне орай аудандық кітапханада «Елдесу және татуласу» жобасының аясында ашық есік күні өтті.
Шарада Мақтаарал аудандық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Қазыбеков, кәсіби медиатор Г. Кобегенова және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық медиатор С.Оңғаров тұрғындарға қабылдау жүргізді.
Халыққа медиациялық құқықтық көмек көрсету мен құқықтық мәдениетті арттыруды мақсат еткен жиында медиаторлар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға көптеп жұмыс атқарды. Жиын татулық пен достықты нығайту, қоғамда болып жатқан жанжалдарды азайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және медиация жолмен шешілетін дау –дамайларды түсіндіру бағытында өткізілді.
«Елімізде халықтар достығына, ұлтаралық татулыққа, біртұтас ел болуға өте зор көңіл бөлініп отырғаннан кейін нақты медиацияның дамуына халықтар Ассамблеясының араласуы өте жақсы шешім болды деп айта аламын. Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасының негізгі мақсаты — әлемдегі ең дамыған өркениетті 30 мемлекеттің қатарына кіру болып табылады. Осы мақсатта соттардың бітімгершілік институтын жетілдіруге айрықша көңіл бөлініп отыр. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру үшін өркениетті елдердің ұстанымына сай, уақытты үнемдейтін, артық қаржы шығындамайтын, құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі болып, судьялардың қолын байламайтын мұндай ұтымды әдістердің маңызы зор!
Ата-балаларымыз «Бірлік бар жерде — тірлік бар» екенін ежелден айтып келеді. Ендеше, ел ішіндегі бірлікті сақтауда айнымас институт болып қалыптасқан Ассамблеяның медиациямен айналысуын айтарлықтай құптаймын. Қашанда дау-жанжал жүрген жерде алға қарай ілгерілеушілік тоқтайды. «Өспес елдің баласы өнбес дауды қуалайды» дегенді де ата-бабаларымыз айтқан. Уақыт өлтірмей, медиация арқылы бітімге келіп, өнбес даудың соңында жүрудің машақаты көп екенін ұғынатын кез жетті. Сондықтан, алдағы уақытта медиация арқылы қаралатын істер қатарының көбеюі ел дамуына оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын,- деді С.Оңғаров.
Медиацияның дамуы өркениетті құқықтық кеңістіктің әрі жоғары сатылы демократиялы қоғамның көрсеткіші болып табылады. Оны қандай жолдармен дамытып отырғанымыздың өзі бүгінде көптеген елдердің тәжірибесінде жоқ көрсеткіш. Жалпы, Ассамблеяның еліміздегі игілікті іс-шаралардың басы-қасында жүруіне бүгінде көптеген елдер қызығушылық танытып отырғаны жасырын емес. Ассамблеяның елдегі тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа ғана қызмет етіп қоймай, ел ішіндегі медиация секілді жүйелерді тиімді дамытуға ықпал етіп отырғаны қоғамымыздың жетістігі.