Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Бұл жөнінде Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында. «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт - бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген болатын.
Ұлттық құндылықтар – бұл белгілі бір ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық және тарихи дамуын бейнелейтін құндылықтар жиынтығы. Олар ұлттың бірегейлігін, тарихи жадын, мәдениетін және дәстүрлерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз» деген болатын.
Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің 2024 жылғы бекітілген жылдық жоспарына сәйкес, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында этнос жастарының қатысуымен ұлттық ою өрнек сайысын ұйымдастырып, өткізді.
Аталмыш сайысқа: аудандық этнос жастары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері, балабақша қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай қатысты.
Сайыстың басты мақсаты патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Ою-өрнек туралы түсінік беру қазақ халқының ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру.
Ұлттық құндылықтар – ұлттың бейнесін қалыптастырады және оларды сақтап, дамыту арқылы ұлт өзінің ерекшелігін, тәуелсіздігін және бірегейлігін сақтайды. Бұл құндылықтар мәдениет, тіл, дін, өнер, әдебиет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар және ұлттық мейрамдар арқылы көрініс табады. Ұлттық құндылықтар ұлт бейнесінің негізі болып табылады, себебі олар ұлттың мәдениетін, дәстүрлерін, рухани құндылықтарын және тарихын көрсетеді. Бұл құндылықтар халықтың бірегейлігін айқындап, оны басқа ұлттардан ерекшелендіреді.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар ұлттың рухани және моральдық негізін құрайды. Олар адамдарды біріктіріп, ұлтты біртұтас етіп, ортақ мақсаттарға жетелеуге көмектеседі. Ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу әрбір азаматтың парызы болып табылады.
Ұлттық құндылықтарды сақтау және дамыту әр ұлттың тұрақтылығы мен біртұтастығының кепілі болып табылады. Олар ұлттың келешегі үшін маңызды және ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуі тиіс. Біздің ұлтымыздың өзегінде ең алдымен адам тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өзге ұлтта жоқ құндылықтары бар. Бұл қазақтың қадір-қасиетінің қаншалықты тереңде, қаншалықты биікте, қаншалықты кеңістікте болғанын көрсетеді.
Бүгінгі әлем жылдам өзгеруде. Сол өзгерістер сананың өзгеруіне әсер етеді. Ал, өзгерген әлемге сапалы адам керек. Алайда, сапалы боламыз деп көрінгенге еліктеп ұлтымызды, тарихымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоймай, ата-бабамыздың ұлттық құндылықтардан тұратын мұрасы – ұлттың қазынасын ұрпаққа үйретіп, бабалар ізін, аманатын жалғастыруға міндеттіміз.