«Азаматтық қоғам - тұрақтылық пен бірліктің кепілі» тақырыбында семинар өтті

image.png

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Азаматтық қоғам - тұрақтылық пен бірліктің кепілі» тақырыбында семинар өтті. Келелі кеңесте өңірдегі қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, қоғамдық келісімді нығайту, медиацияны дамыту жайы талқыланды.

Семинарды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл семинардың бірлікті нығайтуда маңызы ерекше екенін айта келе Мемлекет басшысының Қазақстан Халқы Ассамблеясы сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысы, алдағы атқарар мақсат-міндеттерге тоқталды. 

Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, сондай-ақ Түркістан облысы прокурорының орынбасары, Қазақстан Республикасы ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары, Түркістан облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары, аудан, қала прокурорлары қатысты. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы  Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Түркістан облысы бойынша Департаменті аудандық, қалалық бөлімдерінің басшылары, аудандық, қалалық Полиция бөлімдерінің бастықтары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз орналасқан ауыл округтері әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары және «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары болды.

Алқалы жиында сөз алған Ғалым Нұрмағамбетұлы еліміздегі этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстарына, Ассамблеяның елді біріктіруші ретіндегі рөліне тоқталды. 

– Ел тыныштықта ғана гүлденеді, дамиды. Бұл ретте, қоғамның бірлігі мен ынтымағын сақтау – басты міндет. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері киелі шаңырақ астында тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп келеді. Облыста мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері де аз емес, бұл тұрғыда мәселе жоқ деуге болады. Дегенмен, этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейту маңызды. Қазір ақпарат дәуірі, көп азаматтар, әсіресе жастар ақпаратты әлеуметтік желі арқылы алып отыр. Осы орайда, фейк ақпараттармен күрес жұмыстарына сақтықпен қарауымыз керек, - деді Ғалым Нұрмағамбетұлы. 

Бірлікке үндеген басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, семинарға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Бұл орайда «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед түрлі сауалдарға тұшымды жауап берді.

Қазіргі таңда біздің елімізде қалыптасып, нығайып, дами түскен ұлттық мәдениет ықпалдастығы бүкіл дүниежүзіндегі ұлтаралық қатынасты дамытудың негізіне айналды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы – бұл қиын-қыстау кезеңдерде ізгілік дәстүрлерін, ынтымақтастықтығын және өзара көмекті сақтап қалған, әрбір соққыға қарсы ұйысып, бірлік арқылы жеңген ұлттың тарихы. Себебі әрбір қазақстандық үшін Тәуелсіздік - бұл ең алдымен еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін, өскелең ұрпақты Отанға деген шексіз сүйіспеншілікте тәрбиелейтін барлық адамдардың жалпыға ортақ еңбегі. Осы идеялар қазақстандық қоғамның басты құндылығына айналды. Оған қоса Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында біздің мемлекетте бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі орнықты. Бірнеше жылдың көлемінде осы үлгінің негізінде ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті қалыптасты. 

Бүгінгі таңда ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті дегеніміз - тек қана өзара сыйласу емес. Қазақстандық қоғамда қалыптасқан рухани құндылықтар зайырлы мәдениетке, азаматтық қоғам нормаларына, білімге, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне терең еніп кетті. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстанның даму стратегиясының ресурсына айналды. Бейбітшілік пен татулықты нығайту, діни төзімділік, қайырымдылық, жалпыұлттық сананың, мұраттың қалыптасуына, жалпы азаматтық және демократиялық құндылықтар негізінде қоғамның ұйысуын қазіргі таңда ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне жатқызуға болады. Қазір еліміздің алдына қойылып отырған үлкен мақсат - барлық тұрғындар үшін ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесін тануға бағытталған бірлікке жету болып табылады. Халықтың бірлігі – Қазақстанның барлық жетістіктерінің кілті. Мұны бүгінгі таңда ел тұрғындарының дені бойына сіңірген десек артық айтқандық емес.  Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді. Сондықтан болар, бүгінгі таңда Қазақстан ұлтаралық татулықты сақтап, ұйытып отырған бірегей мемлекет ретінде дүниежүзіне танылып, өзгелерге үлгі болатындай дәрежеге жетті.

Бұл ретте Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерең еңбегін елемеу мүмкін емес. Оның бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол Ассамблея аясында көптеген ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істеп келеді. Осы орталықтар ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда айрықша роль атқаруда. Себебі солардың арқасында алуан түрлі ұлт пен ұлыстардың салт дәстүрі, мәдениеті насихатталып, барша халықты төзімділікке, өзге құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейтін іс-шаралар кеңінен насихатталып отыр.

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы алда тұрған бірқатар міндеттерді айта келе, өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісінде күш біріктіре отырып жұмыс істеуге сенім білдірді. 

Еске сала кетсек, бүгінде өңірдегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер