Қайырымдылық іс-шараларын өткізу Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері үшін бұрыннан жақсы дәстүрге айналған.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында облыстық этномәдени орталықтар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан балаларға көмек көрсетуге барынша үлес қосып келеді.
Қамтылу ауқымы орасан зор! Себебі баланы мектепке дайындау және оған қажеттінің барлығын сатып алу – біршама қаржыны талап етеді. Әсіресе, бірден бірнеше бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін өте қиын. Олардың әрқайсысы оқу жылына дайындалып, барлық қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілуі керек.
Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Түркістан өңірінде де жалғасуда.
Облыстың Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында бүгін өткен акция аясында Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бекзат Хабибовтың демеушілігімен аталған ауылдағы 25 оқушыға мектеп жиынтықтары табыс етілді.
Шараға Түркістан облыстық "Қоғамдық келісім" КММ-і Кентау қалалық филиалының басшысы Ғ. Тәжібаев, ауылдық ақсалдар кеңесінің мүшесі С. Жиржисов, ауыл әкімдіктің бас маманы Ж. Зайнуллаев, мектеп әлеуметтанушылары мен аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан оқушылар қатысты. "Болашақта еліміздің тірегі болатындай білімді жастар қалыптастыруымыз керек. Барынша қолдан келгенше осы жастардың көмегімен, кәсіпкерлер бар мектеп оқушыларына іні-қарындастарымызға қамқор болып жатырмыз",- дейді қайырымдылыққа қатысқан Бекзат Хабибов.
Акция барысында этномәдени бірлестік төрағасы балаларға қажетті заттарды тапсырып, жаңа оқу жылында толағай табыстар тіледі. Айта кетейік, жыл сайын өткізілетін акцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді түрде қатысып келеді.