Қазығұрт ауданы Тұрбат ауыл округінде аудандық өзбек этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Достық дастарханы» атты палау фестивалі болды. 2015 жылдан бері дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл сайыстың ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттап, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға тигізер септігі мол. Атаулы фестивальға аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Аманбай Омаров және басқа да мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай және аудандық мәслихаттың депутаттары Есімхан Исақұлов, Нұрлан Кадиров, Жавлон Сабитовтар арнайы қатысып, құттықтауларын жеткізді.
Сондай-ақ, атаулы жиынға көршілес Өзбекстан Республикасынан, Түркістан облысының басқа да қала-аудандарынан қонақтар келіп қатысты.
Біздің еліміз көп ұлтты мемлекет. Сондықтан, біз үшін «ынтымақ», «бірлік» деген ұғымдар үлкен мәнге ие. Еліміздегі барша ұлттар мен этнос өкілдерінің көк туымыз астында бүгінгі күнге дейін тату-тәтті, ынтымағымыз жарасқан күйде күн кешіп жатқаны аудан халқының достыққа деген, бірлікке деген ұмтылысының арқасы. Осы орайда ұйымдастырылған бұл сайыстың мәні ерекше.
Айдар таққан атауының өзі достыққа, ынтымақ пен бірлікке шақырған шара көпшіліктің көңілінен шықты. Негізінен Дүниежүзінде 150 ден астам мемлекеттер палауды жесе 33 ұлттың Ұлттық тағамы. Осы рете айта кетсек, дәстүрлі шараның жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді.
«Тұрақтылық пен даму, татулық пен достық бәрімізге ортақ құндылық. Бүгінгі шара өскелең ұрпақты бір-бірінің салт дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелейді. Қазақтың қасиетті жерінде тату тәтті өмір сүріп жатқан барлық этностардың өкілдері тұтас жиналды. Өнерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын таныстырды. Қоғамның ынтымағын нығайтуға бағытталған шаралар жақсы нәтижесін көрсетіп жатыр. Алдымызда да маңызды іс-шаралар күтіп тұр. Жеткен жетістіктеріміздің негізі – халықтың бірлігі, ынтымағы. Бірлігіміз берік болса кез-келген мәселе оңтайлы шешімін табады»,- дейді ұйымдастырушылар.
«Қолың тәтті болса, дайындаған астың да дәмі тіл үйіреді. Егер ас жақсы ниетпен, махаббатпен, көтеріңкі көңіл-күймен әзірленсе сөзсіз дәмді болады, дейді тағам көрмесіне қатысушылар.
Халық медицинасында палау пайдалы және емдік қасиеті зор ас ретінде ұсынылған. Адам ағзасы әлсірегенде, ұзақ уақыт ашығудан соң, ауыр сырқаттан кейін міндетті түрде палау жегізетін болған. Дәл осы мақсатта өз сырқаттарын емдеу кезінде Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) палаудың көмегіне жүгінген деседі. Х-ХІ ғасырдағы жазба деректерде палаудың сипаттамасына сай келетін ас мәзірі суреттелген деректер бар. Әмір-Темір жорыққа аттанар алдында әкесі оған былай деп кеңес берген деседі: «Үлкен тайқазанды алып, ішіне май құйып қыздырт. Оған тым жас та, тым сақа да емес қойдың етін салғыз. «Қуаныштан қызарып сала беретін» сәбіз қосқыз. Оған ащылығы өткір қылыштан бетер пиязды араластыр. Сосын ең мықты батырларыңның бойына күш-қуат құйғызарлық ең сапалы күрішті салсын. Сол кезде керемет иісі көкке жететіндей ас сенің жолыңды болдырары сөзсіз...»
Өзбекстан – 12 түрлі палаудың Отаны. Ол жақта үлкен қазандардағы көп палауды ұзату, үйлену тойларында, үлкен мерекелерде, кісі қайтқанда пісіреді. ХV ғасырдың өзінде палаудың еттен, девзир сортты күріштен және бұршақтан жасалатын рецепті кең қолданыста болған. Әрбір өзбектің әр бейсенбі күні палау пісіруі – жазылмаған заң екен.
Бірлік деген ұғымның сөз күйінде қалып қоймай, іспен дәлелденгені қандай жақсы. Үзбей өткізіліп келе жатқан бүгінгі дәстүрлі тағамдар көрмесі соның айғағы. Өзбек ағайындар қиын тағдырдың қилы кезеңінде пана сұрап келген барша жұртты бауырына басқан қазақ елінің құшағы, кең дастарханы қашанда жиылмай келе жатқанын айтады.
Мерейлі іс-шара барысында өзбек этнос өкілдерімен өзара достықтың белгісі ретінде сый-сияпат жасасып, сайысқа түскен аспаздар арнайы аудан әкімінің Алғыс хаттармен марапатталды.
Қазақ пен өзбек ежелден Орта Азия кеңістігінде қоян-қолтық араласып, қатар күн кешіп келе жатқан туыс халықтар. Географиялық орналасуында және кейбір мәдени ерекшеліктер болмаса, қазақ пен өзбектің тілі, діні, ділі бір. Түркі халықтарының ішінде бір-бірінен ең соңында ажырап, енші алған халықтар қазақ пен өзбек десек, сірә қателеспейміз. Бір кездері бір халық болған қазақтар мен өзбектер тағдырдың жазуымен XV ғасырдың екінші жартысында бір-бірінен бөлініп, бөлек отау тікті.
Өзбектер қазақ жеріне ежелден-ақ қоныстанған. Өзбектер тұтас тұрып жатқан дәстүрлі аймақ қазіргі Түркістан облысы. Этнос өкілдерінің көптеген тобы сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында тұрады. Дәстүрлі айналысатын кәсібі – диқаншылық, малшылық, құрылыс және сауда.
Өзбек халқының мәдениеті көпқырлы және ерекше. Бір де бір мереке арқанмен жүрушілерсіз өтпейді. Суран мен өзбек барабандарының үні концертке, шын мәнінде шығыс колоритін үстейді. Өзбектер өздерінің палуандарымен әйгілі болды. Өзбек музыкалық мәдениетінде дастандардың – лирикалың-ерлік мазмұндағы эпикалык, баяндардың алатын орны ерекше. Қазақстанда отыздай өзбек балабақшасы бар, оларда 2000-нан астам бала тәрбиеленеді. Өзбек тілінде оқытатын жүз елу мектеп жұмыс істейді. Өзбек тілінде оқытатын мектептер қазақ және орыс мектептерінен айтарлықтай көп. О бастан-ақ мектептерге оқулықтар, негізінен, Ташкенттен келетін, 1999 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өзбек тіліндегі жаңа оқулықтар шығару туралы шешім қабылдады.
1997 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының арасындағы «Мәңгілік достастық» туралы үшжақты шарт – қарым-қатынасты дамытудағы маңызды қадам болды. Өзбек диаспорасы Қазақ елінде саны жағынан үшінші орында тұр. Ресми деректерге сүйенсек олардың саны 550 мыңнан астам. Оңтүстіктегі көршімізбен бізді 2354 шақырым шекара біріктіріп жатыр.