Кентау қаласында достық пен бірлікті нығайтып, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Татулығы жарасқан өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын дамыту жолында белсенділікпен атсалысып жүр. Жастар арасында өз ойын толық жеткізе алатын білімді, саналы, азаматтар көптеп қалыптасып келеді.
Осы орайда 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күніне орай, орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастырумен Қарнақ ауылы №11 Ақын-тұма жалпы орта мектебінде “Тілім менің - тірлігімнің айғағы” атты зияткерлік сайыс өтті.
Аталған шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқарамасы "Қоғамдық келісім" КММ-і Кентау қалалық филиалының басшысы Ғ.Тажибаев қатысты.
Шараның мақсаты: Мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде қоғамдағы рөлін нығайту. Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға, қоғамдық келісім мен елдің бірлігін нығайтуға ықпалын арттыру.
Тіл – ұлттық бастауымыз, кез келген халықтың болмысы, символы. «Тілдің иесі де, киесі де – халық» деген даналықтың мән-мағынасын бүгінгі жас ұрпақ жете түсініп келеді. Мектептегі өзге ұлт өкілдерінің балалары да қазақ тілін меңгеруге құштар.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. Үкімет қаулысымен осымен алтыншы жыл мерекелік дата 5 қыркүйекте тойланады. Ата заңның 7-бабында "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі" екені жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
"Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды", - делінген Конституцияда.
1989 жылы 22 қыркүйекте "Тілдер туралы" заң қабылданды. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан аталып өте бастады. Сол жылы тұңғыш президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.
Алайда араға жиырма бір жыл салып, атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Елімізде 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.